"Өртелген полицейге" қатысты оның әріптесі тағы бір сұмдықтарды айтты

"Өртелген полицейге" қатысты оның әріптесі тағы бір сұмдықтарды айтты

Марқұм полицей Аслан Әлсеровтің бұрынғы әріптесі оның қызметте өте тәжірибелі маман болғанын, бірнеше рет қылмыскерлердің қастандығына ұшырағанын айтты. Сонымен бірге ол қайғылы оқиғаға отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін деген болжамын жеткізді. 37 жастағы аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің қазасына қатысты тергеу жалғасып жатқан тұста оның бұрынғы әріптесі Жігер марқұмның қызметтегі және өмірдегі болмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Democrat.kz.

Бұрынғы әріптесінің сөзінше, бұл қайғылы жағдай полицияда бірге қызмет еткен адамдар үшін күтпеген оқиға болған. Себебі Аслан Әлсеров құқық қорғау саласында тәжірибелі, өз ісін жақсы білетін маман ретінде танылған.

Жігердің айтуынша, марқұм әсіресе пәтер ұрлығына қатысты қылмыстарды ашуда мықты қызметкер болған. Қылмыскерлерді ұстау кезінде бірнеше рет өміріне қауіп төнген жағдайлар да болған.

“Оған пышақ салған кездер болды. Оқ атқан жағдайлар болды. Жақ сүйегі де, мұрны да сынған. Бірақ ол бәрібір жұмысын жалғастырды”, дейді бұрынғы әріптесі.

Әріптестерінің арасында Аслан Әлсеровті көбіне есімімен емес, “Басар” немесе “Слепой” деген лақап аттармен атаған. Жігердің сөзінше, марқұмның өзі де кейде өзін осы лақап атымен таныстыратын болған.

Бұрынғы полицей Асланды қызметте ашушаң немесе психологиялық тұрғыдан тұрақсыз адам ретінде көрмегенін айтады. Керісінше, оны сабырлы, ұстамды, бес уақыт намазын оқитын діндар азамат ретінде сипаттады.

Сонымен бірге Жігер марқұмның балаларына талапшыл әке болғанын жеткізді. Оның айтуынша, балалардың күн тәртібі қатаң сақталған. Сабақтан кейін олар күрес, дзюдо және джиу-джитсу секцияларына тұрақты барып жүрген.

Алайда ол Аслан Әлсеровті “озбыр әке болды” деп кесіп айтуға болмайтынын атап өтті.

Дегенмен бұрынғы әріптесі қайғылы оқиғаға отбасындағы жанжал себеп болуы мүмкін деген болжамды да жоққа шығармайды. Оның пікірінше, жанжал кезінде балалар анасын қорғауға тырысқан болуы ықтимал.

“Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасайтын адамдардың көбі мұны сырт көзге білдірмейді. Айналасындағылар оларды үлгілі отбасы деп қабылдауы мүмкін”, дейді ол.

Осы оқиғаға байланысты Жігер құқық қорғау органдарындағы медициналық және психологиялық іріктеу жүйесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі психологиялық тестілеу адамның ішкі күйін толық көрсетіп бере алмайды.

Бұрынғы полицейдің сөзінше, тест кезінде бір сұрақ әртүрлі формада бірнеше рет қойылады. Сондықтан мұндай жүйеге жүз пайыз сенуге болмайды.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысының Кеген ауданында 37 жастағы полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің денесі табылғаны хабарланған. Ашық деректерде оның Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасында аға жедел уәкіл болып қызмет атқарғаны айтылды. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.

 

Барлық жаңалықтар