Алматы облысында өртенген күйі табылған полицейдің өліміне қатысты жаңа дерек айтылды деп жазады Democrat.kz.
Марқұмның әйелі де полицей болған. Ол ақпан айында қызметтен кеткен. Аслан бұрын да әйеліне қол көтерген екен. Әйел бірнеше рет Бостандық аудандық полицияға келіп, ұрып-соғу белгілерін көрсеткен. Дегенмен басшылар дауға араласқысы келмеген.
Майор сол күні жұмыстан үйіне кеш оралған. Отбасында ұстара жүзіне байланысты жанжал туған. Соңы төбелеске ұласқан. Сосын оның 15 жастағы екі ұлы мен олардың 14 жастағы досы жүгіріп келген. Ұлдарының бірі әкесінің басын қатты доғал затпен ұрған.
Сосын ес-түссіз жатқан әкесін тынысы тоқтағанша киіммен байлап қойған. Күдіктілер қараңғыда мәйітті көпқабатты үйдің жанындағы көлікке апарған. Мәйіт көрпеге немесе жаймаға оралған.
Таңға қарай көлік Алматы облысының Кеген ауданындағы ауылдардың бірінен өткен. Көкпек-Көктал-Кеген тас жолынан тауға қарай жарты шақырымдай жүріп өткен соң денені өртеп жіберген.
Әлсеровтың әйелі мен ұлдары және оның досы қамауға алынды.