Алматы облысының таулы аймағынан 37 жастағы полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің өртенген денесі табылған іске қатысты жаңа деректер белгілі болды деп жазады Democrat.kz.
Қайғылы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, марқұмның жұбайы Арайлым Әлсерова күдікті ретінде қамауға алынған. Ал оқиға орнында болған кәмелетке толмаған үш жасөспірімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Ulysmedia басылымы жасөспірімдердің қорғаушыларымен сөйлесіп, тергеудегі кейбір жайттарды жариялады.
Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, оның қорғауындағы жасөспірім марқұмның ұлымен дос болған. Оқиға болған күні ол досының үйіне PlayStation ойнауға барған.
Қорғаушы жасөспірімнің психологиялық жағдайын анықтау үшін сараптама тағайындалғанын айтты. Қазір онымен психолог маман жұмыс істеп жатыр.
«Сараптама тағайындадық. Қорытынды шыққаннан кейін жағдай анығырақ болады. Балалар кәмелетке толмаған, болған оқиғадан кейін шок күйінде қалған», – дейді адвокат.
Ғалым Нұрпейісов тергеу кезінде жасөспірімдерге қысым жасалып, олардың алдын ала сөз байласты деген тұжырымға келінгенін алға тартады. Адвокат бұл пікірмен келіспейді.
Оның нұсқасы бойынша, бастапқы жанжал ерлі-зайыптылар арасында болған, ал жасөспірімдер оқиғаға алдын ала дайындалмаған әрі қылмыс жоспарламаған.
Қорғаушы бұл жағдайға қатысты қылмыстық құқықтағы «қатысушының шектен шығуы» ұғымын еске салды. Бұл — қылмысқа қатысушылардың бірі бастапқы ортақ ниеттен тыс әрекет жасаған жағдайда қолданылатын құқықтық түсінік.
«Балалар дұрыс емес уақытта, дұрыс емес жерде болған», – деп түйіндеді адвокат.
Дегенмен бұл — қорғаушы тараптың ұстанымы. Жасөспірімдердің әрекетіне нақты құқықтық бағаны тергеу нәтижесі мен сот береді. Қылмыстық істің өзге мән-жайлары әзірге жарияланған жоқ.