Астанада 9–11 (12) сынып оқушылары арасында физика және биология пәндері бойынша республикалық «Дарын» олимпиадасы өткен болатын. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова осы білім олимпиадасында орын алған әрбір оқушының дипломына өзі отырып қол қойып шыққан, деп жазады Democrat.kz. Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Әлеуметтік желідегі ресми парақшасына түнгі сағат 01.00-де жаңа видео жүктеген министр неге әр дипломға өзі қол қойып отырғанын түсіндірген.
«Құрметті жас достар! Міне, қазір түнгі сағат 01.00. Біз жұмыстамыз. «Дарынның» республикалық пәндік олимпиадасының жеңімпаздарының барлық дипломдарына өзім қол қойып отырмын. Неге? Өйткені, мен де мектеп жасымда осы пәндік олимпиадаға қатысқамын. Жетінші сыныптан бастап қатысып, 9-10 сыныптарда облыстық деңгейде жүлдегер атандым. Сондықтан, бүгін орын алған балалардың еңбегін бағалап, өзім қол қойып берейін деген шешім қабылдадым», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр осы ретте олимпиада жеңімпаздарын шын жүректен құттықтап, орын ала алмаған басқа балаларға мотивация берген.
«Осы жолғы олимпиададан орын ала алмаған жас достарға айтарым – мойымаңыздар. Өйткені, қазіргі әрбір тәжірибе болашақтағы үлкен жеңістеріңіздің бір бөлігі», - дейді министр.
Сүлейменова жалпы бұндай олимпиаданың жеңімпаздарын қазір мемлекет жан-жақты қолдап жатқанын да еске салды.
«Барлық республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, Халықаралық олимпиадаларға жолдама алған жастарға тек қана сәттілік тілеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сіздердің халықаралық олимпиадалардағы жүлделеріңіз үшін қаржылай сыйақы белгіледі. Сіздерді дайындаған ұстаздарыңыз да жақсы қаржылай сыйақы алады. Сондықтан, бүгін алған білімдеріңіз ертеңгі күні еліміздің дамуына үлес қосады деп сенемін. Баршаларыңызға үлкен сәлем жолдаймын», - деген Сүлейменова.