Қазақстандықтар енді «Отбасы банк» арқылы пәтер сатып алу үшін депозиттегі ақшасын міндетті түрде алты ай сақтамай-ақ несие рәсімдей алады. Алайда банк негізгі талаптардың бірін өзгерткен жоқ: қарыз алушыда қажетті соманың жартысы жиналуы тиіс, деп жазады Democrat.kz.
15 қазаннан бастап «Отбасы банк» құрылыс компанияларымен бірлескен жаңа ипотекалық тетікті іске қосты. Бағдарлама баспана сатып алуға жеткілікті жинағы бар, бірақ депозитінің бағалау көрсеткіші қажетті деңгейге жетпеген азаматтарға арналған.
Бұған дейін аралық тұрғын үй заемын алу үшін салымшы депозитінде несие сомасының 50 пайызын жинап қана қоймай, қаражатын кемінде алты ай сақтауы керек болатын. Осы уақыт ішінде депозиттің бағалау көрсеткіші бес балға жетуі тиіс еді.
Жаңа тетік бойынша аталған көрсеткішке қойылатын ең төменгі талап алынып тасталды. Демек, қажетті жинағы бар азаматтар банкпен серіктестік орнатқан құрылыс компанияларынан пәтерді ертерек сатып ала алады.
Алайда бұл бастапқы жарнасыз берілетін ипотека емес. Банк депозитінде несие сомасының 50 пайызы көлемінде қаражат болуы міндетті.
Аралық заемның бастапқы пайыздық мөлшерлемесі жылына 8,5 пайызды құрайды. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9–9,6 пайыз аралығында. Кейін тұрғын үй заемына ауысқан кезде мөлшерлеме 3,5–5 пайызға дейін төмендейді.
Жаңа бағдарламаның алғашқы серіктесі BI Group компаниясы болды. Құрылыс салушы Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларынан 600 пәтер ұсынады.
Банк SAT NS және QazaqStroy компанияларымен де келісімдерді рәсімдеп жатыр. Олардың бағдарламаға қосылатын уақыты қосымша хабарланады.
Ипотека рәсімдеу үшін сатып алушы алдымен құрылыс компаниясынан пәтер таңдап, оны брондауы қажет. Содан кейін компаниядан растайтын хат алып, банк бөлімшесіне немесе бейнебайланыс арқылы менеджерге өтініш береді.
Жаңа тетік баспана алуға дайын азаматтардың күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Дегенмен несие алушы өзінің табысын, ай сайынғы төлем қабілетін және ипотеканың толық құнын алдын ала есептегені жөн.