Блогер, биоэнергетик Динара Дәулет отбасылық сұмдық жағдайын айтып, шындықпен өрілген жазбасын жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Әкем мен анам жиі ұрысты. Мен жиі талып қалдым. Анамның кінәсі болмаса да, әкем қол көтеретін. Соңғы уақытта өзін-өзі ұстай алмай, бізді бір бөлмеге қамап, екінші бөлмеде анамды ұрады.
Әкем бізге ешқашан қол көтермеді. Бірақ анамды көрсе, “жын көргендей” шошып, ұрыса жөнеледі. Үйдің алдында отырып еңіреп жылайтынбыз. Кейде папамыз өлсін деп Құдайдан сұрайтынбыз. Шырылдаған анамның даусын естіп, көгерген жерін көргенде “әкем өлсе тынышталар” деп ойлайтынбыз.
Анамды не үшін ұрады? Не кінәсі бар? Ләм-мим демейді, сұрақ қоймайды. Егер бір себеп болса мақұл дер едік. Бірақ бәрі керісінше… Сүйкімді, мейірімді, сұлулыққа толы әйелі мен бала-шағасы бар. Қарны тоқ, уайымы жоқ, қалағанының бәрі бар. Әкеме одан артық не керек еді? Мамада кінә жоқ! Біз де түсінбейміз.
Ұрыс кезінде әкем мені шапалақпен ұрып жіберді. Сол сәтте талып қалдым. Бәрі сүйреп, ауруханаға апарды. Бір күн комада жаттым. Кейін тағы бір ұрыс кезінде тағы да талып қалдым. Бұл жолы үш күн комада болдым.
Сол кезде бәрі: «Динара өлді, қоштасамыз, енді тірі емес» деп ойлаған. Бірақ үшінші күні есімді жидым. Көзімді ашсам, әкем қасымда жылап отыр екен.
– Қызым, сен не айтсаң, соны жасаймын. Мамаңды ұрмаймын, енді қайталанбайды, – деп уәде берді.
Әкем анамды ұрмаймын деп уәде берсе де, орындамады. Сол сценарий, оқиға қайталанды. Бірақ әкем не үшін ұрғанын өзі де түсінбейтін. Әжем мен анам молдаға барды. Ал молданың айтқаны бәрімізді есеңгіретіп тастады.
Әжем мен анам еңсесі түсіп үйге келді де, мән-жайды айтты. Иә, әкем дуаның құрбаны болыпты. «Бір айналдырса, шыр айналдырады» деген рас екен. Әкем ешкімге жамандық жасамақ түгілі, ондайды ойламап та еді.
Молда былай деді:
– Әкелеріңді дуалаған. Ол дуаны татар әйел жасаған. Өкініштісі, біз дуаны қайтара алмаймыз. Егер қайтарсақ, әкелеріңе қауіп төнеді. Ол жынданып, есінен айрылуы мүмкін. Өліп те кетуі мүмкін деді . Өкініштісі, дуа әкеңнің қанына сіңіп кеткен.
Бұл сөзді естігенде бәріміз шок болдық! Не үшін бұлай болды? 2004-2005 ж папа жиі үйден екі -үші күнге жоқ болып кететін. Бұл бір рет емес, бірнеше рет қайталанған!
Өкініштісі, әкем басқа әйелге барған, сол әйел өз қанымен дуа жасаған екен. Ал қанмен жасалған дуаның күшін тек жасаған адам қайтара алады, татар әйел оны ешқашан қайтармайды. Егер өзі қайтарса, өз өміріне зиян тиеді екен.
Әкем сол әйелдің құрығына түсті. «Бір күні дуа өз күшін жойғанда әкелерің бұрынғы қалпына келеді» деп молда бізді жұбатты. Бірақ бір күні әкем:
– Мен сол әйелге үйленемін, – деді.
Сол сәтте үстімізден мұздай су құйып жібергендей күй кештік.
Әкемнің «сол әйелге үйленемін» деген сөзі бәрімізді қынжылтты. Туыстардың бәрі қарсы болды. Анам еңіреп жылады. Біз, балалар, не істерімізді білмей қалдық. Үйде айқай-шу басталды. Бақытты отбасын дуа жасап, сол әйел әкемді тартып алды. Ақыры некелерін жасады .
Қанша жерден сол әйелмен некелессе де, бізді ешқашан ұмытқан емес! Қыздары үшін, ұлы үшін бәрін жасайтын . Әкелік мейірімін, махаббатын беріп, бізді қамтамасыз етіп отырды.
Уақыт өтіп, мен 11-сыныпқа көштім.
Ауылдан қыздармен Жетісайға барып, ҰБТ тапсырып қайттық. Жолдан келгенде ішім бүріп қатты ауырды. Сол сәттен бастап «бірнәрсе дұрыс емес» екенін сездім. Қанша дәрі ішсем де қоймайды.
Келесі күні ауылға сабаққа бардым. ҰБТ-ға бәріміз дайындалып жатырмыз. Ішім қайта бүріп шыдатпаған соң үйге қайтып келе жаттым. Ауыл арасы ұзақ еді. Бір сәтте нокиа телефоным шырылдай қалды:
— Алло, ау?
— Үйге тез кел, папаңа бірнәрсе болды!
Осы сөзді ести сала үйге жүгірдім. Үйде менде ғана телефон бар. Әлгі әйелмен әкемнің хатын да, басқа біреудің бар екенін мен бірінші білгенмін!
Ішім бір жамандықты сезді. Үйге жеткенше сан ой мазалады. Туыстардың бәрі осында. «Әкешім, әкешім!» деп үйге жүгіріп кірдім. Ақпанның 11-і.
Әкем Қытай, Ресей, Польша елдерімен жұмыс істейді. Қауын, қарбыз және басқа да тауарларды өткізетін. Екі ортада тауар тасиды. Таможнядан өтіп жатқанда әкемді ұстап алыпты.
Еш жазығы жоқ, мейірімді, жомарт әкеме жала жабылды. «Контрабанда» деп ұстап әкетті. Естігенде көзімнен жас тоқтамады, анам да еңіреп жылап отыр.
Әкемді түрмеге жапқызбай, ақтап алу үшін бүкіл қора-қора малды, машинаны саттық. Үйде сататын не бар — бәрін саттық! Туыстар да: «Дәулетті құтқарайық» деп жүгіріп жүр. Өкініштісі, әкемді түрмеге қамап тынды.
Әкем түрмеге қамалғанда қатты сырқаттандым. Іштегі отым өшіп, жүрегім жараланды. Әкемнің қызы болғандықтан, бұл маған өте ауыр тиді. Ауылдың «авторитеті» саналатын әкем түрмеде отыр.
Жұрттың «Әкең ұсталып қалыпты, түрмеде, контрабанда» деген сөздерін көтере алмадым. Мектепке барғым келмеді. Дайындық пен ҰБТ-ны ұмыттым.
Анамды қанша ұрса да, әкемнің жағдайын жасайды! Бізде түрмеге баратынбыз. Бәрі әкеммен кездессе де, мен кірмедім.
Әкеме деген қара қазандай өкпе-ренішім бар еді. «Мені 11-сыныпта тастап кетті, абыройдан айрылдық, бізді қолдамады!» деген ой жүрегімді жаралады. Әкеммен бір жыл сөйлеспедім.
Бәрі телефон арқылы сөйлессе, ал мен тұтқаны құлағыма қойып қана тыңдайтынмын. Ол жақтан:
— Динара, қызым, қалайсың? — деген дауысын еститінмін.
Үндемесем де, көзімнен еріксіз жас ағып, сөйлей алмай қалатынмын. Ренжісем де, әкем біздің суреттерімізді жинап, альбом жасап жіберетін. Түрмеде отырса да, бізді ойлап, құр отырмай қолынан келгенін жасайды
ҰБТ тапсыратын уақыт та жақындады. Бірақ дайындық жоқ. Мен грантқа түсемін деп үміттеніп жүрмін.
ҰБТ тапсыратын күн! Әкем абақтыда болғандықтан, дұрыс дайындалмадым! Бәріміз ішке кірдік, тапсырдық!
Бәрі «Жақсы балл алдым, оқуға түстім» деп қуанып жатқанда, маған грантқа түсуге бар болғаны 1 балл жетпеді. Үйге келіп, есікті іштен құлыптап, бір күн жыладым.
«Енді не істеймін? Не болады? Тағдырым қайда жетелейді?» — деп өзімді қинай бердім. Үйдің оқытуға жағдайы жоқ. Біз бар мал-мүлкімізді әкемді босатамыз деп сатып біттік. Бірақ бәрі зая кеткендей көрінді.
Ех, әкем түрмеде емес, қасымда болғанда мені міндетті түрде оқуға түсірер еді деп ренжідім. Ағам мен әпкем Алматыда оқитын.
— Ауылда қалғаннан пайда жоқ! Алматыға кел, осында дайындал, — деді ағам.
Алматыға келдім. «Қайтадан дайындалып, грантқа түсемін» деп бекіндім. Бірақ көп талып қалып, дайындығым зая кетті. Есте сақтау қабілетім нашарлап, бәрін ұмытып қалдым.
Себебі — көп наркоз алып, комада жатқан едім. Алматыда Бірге тұрған туған бөлем орысша сөйлеуді, жазуды, санауды үйретті. Кейін ағам дүкенге жұмысқа кіргізді. «Орысша үйренсін, ақша тапсын» деген ниеті ғой.
Қара шаңырақта анам мен екі сіңілім қалды. Ағам, мен, әпкем ақылдаса келе, анамды жалғыз қалдырмау үшін Алматыға алдырттық. Сіңілерімді анамның інісінің қолына тапсырдық.
Үйді де, бар заттарды да сатып, анамды Алматыға көшірдік. Сөйтіп, бәрін нөлден қайта бастадық"деп жазды Динара Дәулет.