Әнші Тамара Асардың жұбайы, кәсіпкер Бекмырза Жұмаштың бұрынғы әйелі ретінде бұған дейін БАҚ-та аты аталған Эльвира Жүсіпбекова әлеуметтік желіде тағы бір мәлімдеме жасады. Бұл жолы ол тек алимент мәселесін емес, Тамара Асардың жұбайымен қалай танысқаны туралы көпшілікке айтқан әңгімесіне де күмән келтіріп отыр. Democrat.kz бұған дейін жарияланған сұхбаттар мен тараптардың мәлімдемелерін салыстырып көрді.
Threads әлеуметтік желісінде visioncoach22 аккаунтынан жарияланған жазбада:
«Дұрыс айтасыз, Жанара. Менде де дәл сондай жағдай. Тамара Асар менің күйеуіммен қалай танысқаны туралы әдемі бір хикая ойлап тапты. Оның ажырасқанын, қарапайым сантехник деп ойлағанын, тіпті Ресейден келгендей етіп айтқан. Бірақ мұның бәрі шындық емес.
Отбасы болды, әйелі балаларын өсірді. Әйелі күйеуінің дамуына барын салды. Кейін сол отбасы бұзылды.
Қазір біз де алимент мәселесі бойынша соттасып жүрміз. Қоғамға жария болғаннан кейін бірінші инстанция табыстың жасырылғанын және алимент мөлшерінің табысқа сәйкес келмейтінін мойындады.
Бізбен бірге жүріп ақша тапты, енді сол мүмкіндіктерін өзімізге қарсы пайдаланып отыр», – делінген.
Бұл – Жүсіпбекованың жеке мәлімдемесі. Әсіресе «бірінші инстанция табыстың жасырылғанын мойындады» деген тұжырымға қатысты біз ашық дереккөздерден сот шешімінің толық мәтінін немесе сот органының ресми хабарламасын таба алмадық. Сондықтан бұл бөлікті әзірге сотпен расталған факт емес, талапкер тараптың мәлімдемесі ретінде қарастырған жөн.
Дау бұған дейін алименттен басталған
Эльвира Жүсіпбекованың Бекмырза Жұмашқа қатысты мәлімдемелері бұған дейін де қазақстандық БАҚ-та жарияланған.
2026 жылғы мамырда ол бұрынғы күйеуінің ортақ балаларымен араласпайтынын, олардың білімі мен медициналық қажеттіліктеріне жеткілікті деңгейде көмектеспейтінін және алимент көлеміне байланысты соттасып жүргенін айтқан. Жүсіпбекованың сөзінше, «Астық» зауыты олардың заңды некесі кезінде құрылған, ал ажырасқаннан кейін бизнес бұрынғы күйеуінде қалған.
Time.kz -те Бекмырза Жұмашты 2021 жылдан бері Тамара Асардың жұбайы деп көрсетіп, бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы алимент дауы сотқа жеткенін жазды.
Бекмырза Жұмаштың кәсіпкер екені тек бұрынғы әйелінің сөзіне сүйеніп отырған дерек емес. «Астық» кәсіпорнының өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ол кәсіпорынның құрылтайшысы ретінде көрсетіледі.
Ал Тамара Асар күйеуі туралы бұрын не айтқан?
Мұнда жағдай қызығырақ. Эльвира Жүсіпбекова «Тамара оны қарапайым сантехник деп ойлағаны туралы хикая құрды» дейді.
Алайда бұрын жарияланған сұхбаттарды тексергенде Тамара Асар «сантехник» емес, «дәнекерлеуші» деген.
2023 жылы «Жақсы адамдарым» бағдарламасында әнші жұбайымен Шымкент әуежайында танысқанын айтып, алғашқы кезде Жұмаш өзін темір дәнекерлеушісі ретінде таныстырғанын жеткізген. Кейін цехқа тамақ апарған кезде ғана қызметкерлерден оның цех басшысы әрі кәсіпорынның негізін қалаушы екенін білгенін айтқан.
2024 жылғы тағы бір сұхбатында да Тамара Асар осы нұсқаны қайталады:
«Маған бір фирмада дәнекерлеуші болып жұмыс істеймін деді. Мен сендім».
Ол кейін жұбайының өндірісті басқаратын адам екенін білгенін айтқан. Демек бұрынғы әйелдің «қарапайым жұмысшы ретінде көрсетті» деген жалпы тұжырымы Тамараның өз әңгімесімен үндеседі.
«Ресейден келген» деген сөз де сәл басқаша айтылған
Жүсіпбекова тағы бір тұста Тамара Асар жұбайын «Ресейден келгендей етіп көрсетті» дейді.
2021 жылы некесі туралы алғаш ашық айтқан Тамара Асар жұбайының өзі Ресейде туғанын айтпаған. Оның жарияланған сөзінде:
«Оның ата-бабалары Ресейде туған» деген мағынадағы ақпарат болған.
Сол кезде кейбір БАҚ материалдарының тақырыбы оны ықшамдап, «Ресейден шыққан күйеуі» деп берген.
Яғни бұл жерде де әлеуметтік желідегі мәлімдеме мен Тамара Асардың нақты сөзі арасында айырмашылық бар.
Ең күрделі сұрақ – ол кезде Бекмырза ажырасқан ба еді?
Жаңа жазбадағы ең салмақты айыптау осы. Эльвира Жүсіпбекова Бекмырза Жұмаштың Тамара Асармен қарым-қатынасы басталған кезеңде өзінің заңды күйеуі болғанын бұған дейін де мәлімдеген. Оның айтуынша, Бекмырза кейін ажырасуға өзі арыз берген.
Алайда біз ашық дереккөздерден:
- Бекмырза Жұмаш пен Эльвира Жүсіпбекованың некесі нақты қай күні бұзылғанын;
- Тамара Асар мен Бекмырза Жұмаштың қарым-қатынасы нақты қай күні басталғанын;
- сол екі мерзімнің бір-бірімен қабаттасқан-қабаттаспағанын
растайтын ресми АХАТ құжатын немесе сот актісін кездестірмедік.
Сондықтан «Тамара Асар отбасылы ер адаммен қарым-қатынас құрған» деген қорытындыны қазір факт ретінде жазуға негіз жеткіліксіз. Бұл – бұрынғы әйелдің нұсқасы.
Бекмырзаның туыстары не дейді?
Даудың екінші тарабы да бұған дейін үнсіз қалмаған.
БАҚ-та жарияланған мәлімет бойынша, Бекмырза Жұмаштың қарындасы Әсел Жүсіпбекова бұрынғы жеңгесінің айыптауларын жоққа шығарған. Оның айтуынша, ажырасқан кезде Эльвираға бірнеше пәтер, коттедж, сұлулық салоны мен көлік қалған, ал Бекмырза балаларына көмектескен және көмектесіп келеді.
Бұл да әзірге туыстың мәлімдемесі ғана. Аталған мүліктердің кімге тиесілі болғанын және қалай бөлінгенін дәлелдейтін ресми құжаттар ашық жарияланбаған.
Сондықтан бұл даудың бір жағында:
«балаларына көмектеспейді, табысын жасырады» деген бұрынғы әйелдің уәжі тұрса,
екінші жағында:
«мүлік қалдырды, балаларын қамтамасыз етіп келеді» деген Бекмырза Жұмаштың туысының уәжі тұр.
Бір нәрсе анық: Тамараның танысу тарихы бұрыннан бірнеше рет айтылған
Тамара Асар әр жылдары берген сұхбаттарында негізгі оқиғаны өзгеріссіз айтып келген: Жұмашпен Шымкент әуежайында танысқан, ол өте тез үйленуге ұсыныс жасаған, алғашқы кезде оның кәсіпорын иесі екенін білмеген.
Ал 2021 жылы әнші жұбайын көпшілікке таныстырған кезде оның кәсіпкер екенін өзі ашық жазған.
Democrat.kz бұл мәселеге қатысты Тамара Асар мен Бекмырза Жұмаштың ұстанымын да жариялауға дайын.