Отырыста жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі процестер қаралды

Отырыста жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі процестер қаралды

Отырыста цифрландыруды дамыту және жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі процестер қаралды, олар бүгінде инвестиция үшін күресте елдердің бәсекеге қабілеттілігін анықтауда маңызды рөлге ие деп жазады Democrat.kz.

Президент Жарлығымен 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялады. Мәселен, жаңа Конституцияға азаматтардың цифрлық құқықтары ресми түрде енгізілді, 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық Стратегиясы бекітілді, Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» Заң, «Киберқауіпсіздік туралы» Заң қабылданды. Сонымен қатар сенімді трансшекаралық деректер алмасу үшін заманауи реттеу тетіктері енгізілуде, олардың арасында Cloud First Policy және Data Embassy да бар. «ДӨО алқабы» флагмандық жобасы аясында Қазақстан Firebird AI-мен ЖИ-инфрақұрылымын дамыту бойынша $10 млрд-қа келісім жасасты. Жалпы, осы бағыттағы бизнес мәселелерін жедел шешу үшін Үкімет жанындағы цифрлық штаб жұмыс істейді.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев толыққанды цифрлық ел құру міндетін қойып отыр. Цифрлық трансформация мен ЖИ-ді дамыту – біз үшін тұрақты экономикалық өсудің, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды элементі. Біз шетелдік әріптестердің еліміздің іскерлік ахуалын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Үкімет өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық саладағы инвесторлармен сындарлы диалогке ашық»,

 — деп атап өтті Премьер-министр.

Отырыс барысында Қазақстандағы Америка Сауда палатасының атқарушы директоры Джефф Эрлих, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт және бизнес өкілдері сөз сөйледі. Джули Стаффт елдер арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін, сондай-ақ цифрлық реттеу, бұлтты технологияларды дамыту, дербес деректерді өңдеу және трансшекаралық деректерді беру мәселелері бойынша Үкімет пен бизнес-қоғамдастық арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Халықаралық бизнес-қоғамдастық атынан Baker McKenzie серіктесі, AmCham Цифрландыру комитеті кеңесінің мүшесі Андрей Ёрш, Apple компаниясының Орталық Азия, Армения, Моңғолия бойынша мемлекеттік саясат және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Әділхан Қопабаев, Siemens Kazakhstan компаниясының бас директоры Дияс Асанов және Honeywell компаниясының Орталық Азия елдері бойынша президенті Артур Нигматьянов ұсыныстарын айтты.

Компания өкілдері Цифрлық кодексті іс жүзінде жүзеге асыру, онлайн-платформаларды реттеу, жария «бұлтты» шешімдерді дамыту, дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні қолдану, өнеркәсіп процестерін цифрландыру және реттеу тиімділігін арттыру мәселелерін көтерді.

Аталған бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов, сондай-ақ мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов пікір білдірді.

Жиын отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық әрі болжамды ел болып қала беретінін атап өтті. Үкімет ел экономикасының цифрлық трансформациясын тереңдетуге ниетті және цифрлық реттеуді жетілдіру, пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инновациялық инфрақұрылымды дамыту және инвесторлар үшін болжамды жағдайлар жасау мәселелері бойынша бизнес-қоғамдастықпен одан әрі өзара іс-қимылға дайын. Жауапты мемлекеттік органдарға айтылған ұсыныстар мен ұсынымдарды зерделеп, оларды жұмыс барысында ескеру тапсырылды.

 

Барлық жаңалықтар