Өз күйеуін өлтіруге тапсырыс берген келіншек ұсталды

Өз күйеуін өлтіруге тапсырыс берген келіншек ұсталды

Өзбекстанның Әндіжан облысында бұрынғы күйеуін өлтіруге тапсырыс берді деген күдікпен әйел ұсталды. Бұл туралы өңірлік ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі хабарлады деп жазады Democrat.kz.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Асака ауданында тұратын 1974 жылы туған әйел 1972 жылы туған бұрынғы күйеуін өлтіруді жоспарлаған. Ол бұл үшін жалдамалы қылмыскер іздеп, қызмет ақысына 3 мың АҚШ долларын ұсынған.

Күдікті алдын ала төлем ретінде 5 миллион сум беруге, ал қалған қаражатты тапсырма толық орындалғаннан кейін төлеуге уәде еткен. Сондай-ақ ол келісімді растау үшін қолхат жазып беруге дайын болған.

10 шілде күні құқық қорғау қызметкерлері арнайы жедел іс-шара ұйымдастырды. Оның барысында ер адамның өлтірілгені қолдан ұйымдастырылып, шартты орындаушы әйелді «қылмыс орнына» шақырған. Күдікті тапсырманың орындалғанына көз жеткізу үшін сол жерге келген.

Әйел қызмет ақысын беріп жатқан сәтте ұсталды.

Аталған дерек бойынша Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 25-бабы арқылы 97-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Барлық жаңалықтар