Белгілі жазушы Қанат Тілеуханның әлеуметтік желіде Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының естеліктері туралы үзіндісі қызу талқыға түсті деп жазады Democrat.kz.
Сөзінің әлқиссасын "Мен Әуезовті кешірмеймін! Қара жер айтып барсын, кешірмеймін! Дейді Бауыржан Момышұлы" деп бастаған Қанат Тілеухан батыр атамыздың естеліктерінен құралған кітаптағы бір оқиғаны баяндайды.
Жазушының айтуынша, Бауыржан Момышұлы: "Мұхтар Әуезов мен соғыста жүргенде, сегіз рет хат жазды. Кейінірек Академияның архивінен сол хаттарды алдырып, жойып тастады. Ұлтшыл Бауыржанның кесірі тимесін деген болуы керек.
Бірде Әуезов мені үйіне қонаққа шақырды. Ығай мен сығай жиналған екен. Қаныш Сәтбаев маған сынай қарап отырды.
Сәбит Мұқанов неге кешігіп келгенін түсіндіріп, бастырмалата арақ ішіп, палау жеп, оған шашалып қалып, дастарқанға түкірігі шашырады.
Ғабит Мүсірепов те тоқтаусыз арақ ішті. Қалыбек боғауыз әзіл айтпақ болып, оны тоқтаттым" деп ақырында отырған жерінен шығып кеткенін айтады.
Жазушы Қанат Тілеухан ұлы адамдар туралы осындай естеліктер жазылған "Көз алдымда бәріңсің" деген кітаптың сатылымға шыққанын хабарлады.
Десек те, жазушының бұл маркетингі оқырмандарына аса ұнай қоймаған сияқты. "Ұлы адамдар, аруақтар туралы бұлай айтудың керегі жоқ" деген сыңайда пікір жазуда.