"Перденің артындағы қауіп": Заңгер марқұм Мұхтар Шаханов туралы ерекше естелікпен бөлісті

"Перденің артындағы қауіп": Заңгер марқұм Мұхтар Шаханов туралы ерекше естелікпен бөлісті

Танымал заңгер Мейірман Шекеев марқұм, ақын Мұхтар Шаханов туралы өзі естіген ерекше естелігімен бөлісіп, әлеуметтік желіде жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

"Мұхтар ағамызды көп адамдар ақын, композитор, қоғам белсендісі ретінде біледі. Бірақ Мұхтар ағамыздың басты ұстанымы – қазақ мүддесіне қызмет ету еді.

Мұхтар ағамыздың жары Ханшайым апайымыздың айтуы бойынша, ол осы жолда жүргенде бірде Кремльге барған кезінде сырқаттанып қалады. Сол кезде оған Кремль ауруханасына жату ұсынылады. Ойында ештеңе жоқ Мұхтар ағамыз таңертең сол жерге барып ем алмақ болғанда, белгісіз біреу телефон шалып, бұл қатерден ескертеді. Яғни: «Егер Кремль ауруханасына жатсаңыз, ол жақтан тірі шығуыңыз екіталай», – деп ескерту жасайды.Сол күні Мұхтар ағамыз ұшаққа билет алып, Қазақстанға ұшып кететіп, бір қастандықтан аман қалған көрінеді.

Бұдан кейін де елімізде жүрген кезінде Алматы қаласындағы №7 ауруханада жатқанда, түн ортасында оянып кетіп, перденің артында пышақ ұстаған адамның бейнесін көреді.

Сол оқиғалар оның Қырғызстанға елші болып кетуіне себепкер болған екен.

Қаншама қысым болсада Мұхтар ағамыз ұлт мүддесі жолындағы күресінен ешқашан тайған емес.

Біздің қазақ тіліміздің мемлекеттік тіл болуына Президенттің өзінің күші жетпегенде, Мұхтар ағамыз «халық ертең көтеріліп кетеді» деп Назарбаевтың өзінен тайсалмай, дауыс беруді қайта жасатып дегеніне жеткен батыр.

Сондықтан қазіргі таңда қазақ тілінің елімізде мемлекеттік тіл ретінде орнығуына біз президентке не басқаға емес тікелей Мұхтар ағаға тағзым етуіміз керек.

Мұхтар аға – қайтып келмейтін тұлға екені рас. Оның шыншылдығын бүгінгі таңда Президентіміз Тоқаевтың өзі де мойындап, құрмет көрметкен!

Ия, нағыз өлмейтін тұлға осы кісі десе де болады. Мұхтар ағамыз өткеннен кейін оның жолын жалғастыратын азаматтар шығама, шықпайма кім білсін? Біз оның тырнағына да татымаспыз. Деседе болмасақта ұқсап бағармыз.Бір қызығы, мен Мұхтар ағаны тіл күресі жолындағы оның шәкірті ретінде, оқырманы ретінде пір тұтсам, бүгін 40 күндік асына кіргенімде немересі алдымнан шығып: «Аға, мен сіздің оқырманыңызбын», – дегенде төбем көкке жетті.

Яғни мен Мұхтар ағаның оқырманы болсам, немересі менің оқырманым болып, ұрпақ сабақтастығы жалғасқандай сезіндім.

Мұқтар Аға, сіздің батылдығыңызды бізге де берсін.

Әумин.

Барлық жаңалықтар