Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Ұлттық құрылтай негізінде 4 жылда 26 заң қабылданғанын, сондай-ақ құрылтайдың Қызылордада өтуінің маңызын атап өтті деп жазады Democrat.kz.
"Ұлттық құрылтай - реформалардың қозғаушы күші. Төрт жылда Ұлттық құрылтайдың ұсыныстары негізінде 26 заң қабылданды. Бұл – сөздің іске айналғанының нақты дәлелі. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, лудомания мен нашақорлыққа қарсы күрес, ономастиканы жүйелеу, еңбек адамдарының мәртебесін арттыру – қоғам сұранысына берілген нақты жауаптар", дейді депутат.
Мұнан бөлек Жанарбек Әшімжан: “Сыр - Алаштың анасы” деген сөздің астарында ұлт тарихының тұтас бір кезеңі жатыр. Шірік-Рабаттан бастап Сығанаққа дейінгі көне қалалар қазақ жерінде өркениет болғанын дәлелдейді. Бір ғасыр бұрын еластанасы болған Қызылорда – мемлекеттілік идеясының, ұлттық жаңғырудың символы. Президент осы тарихи сабақтастыққа айрықша тоқталды" деген пікірін де білдірді.
"Президент баяндамасындағы ең өзекті тақырыптардың бірі – су мәселесі. Арал тағдыры – бір өңірдің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ортақ проблемасы. Солтүстік Аралды сақтап қалу жолындағы жұмыстар, Көкарал бөгетін биіктету, халықаралық келісімдер – жүйелі саясаттың нәтижесі. Су дипломатиясын дамыту, халықаралық су ұйымын құру бастамасы Қазақстанның бұл мәселені тек ішкі емес, жаһандық деңгейде көтеріп отырғанын көрсетеді", деді Мәжіліс депутаты.