Әлеуметтік желіде нумеролог Қайрат Нұртастың өміріне қатысты ерекше болжамын жариялады. Ол әншінің мінез-құлқын, шығармашылық қабілетін, отбасылық қарым-қатынасын және алдағы уақытта кездесуі мүмкін қиындықтарды сандар арқылы түсіндірді, деп жазады Democrat.kz.
Threads желісінде newtan.a лақап атымен жазба жариялаған нумеролог Қайрат Нұртастың «тағдыр матрицасына» талдау жасап, әншінің өміріндегі бірқатар оқиғаларға қатысты өз болжамын ұсынды.
Автордың айтуынша, Қайраттың матрицасында 9/9/18 комбинациясы жиі кездеседі. Нумерологияда мұндай сәйкестік адамның өмір бойы белгілі бір сабақтарды қайта-қайта меңгеруіне тура келетінін білдіреді екен.
«Легенданың матрицасы мені таңғалдырды. 9/9/18 программасы өте көп. Яғни, полузакрытый матрица. Бұл деген сөз адамның үйренуі керек, сабақ алуы керек миссиясы бұл өмірде почти біткен. Тек успех үшін туылған десек болады», – деп жазды нумеролог.
Оның пайымдауынша, Қайрат Нұртас өте жігерлі, бір орында тұрақтамайтын, адамдармен тез тіл табысатын және ойлағанын жүзеге асыруға ұмтылатын адам. Алайда осы қасиеттерінің кері жағы да бар.
Нумеролог әншінің кейде тұрақсыздық танытып, жауапсыз әрекеттерге баруы мүмкін екенін алға тартқан.
Автор Қайраттың әншілік қабілетін де сандармен байланыстырған.
«Қайраттың дауысы жақсы екені, слух болуы бекер емес. Матрицасының Құдайдан берілетін талант зонасында 2 аркан тұр», – дейді ол.
Нумерологтың түсіндіруінше, бұл сан адамның бойында ерекше дарын бар екенін және оның белгілі бір қабілеттерді оңай меңгеретінін көрсетеді.
Сондай-ақ ол Қайраттың ата-анасының мінез-құлқы мен қасиеттеріне де тоқталған.
Автордың айтуынша, әншінің әкесі жағынан 9 аркан көрінеді. Мұны ол даналықпен, ізденімпаздықпен, білімге құштарлықпен байланыстырады. Ал анасы жағынан 11 аркан орналасқан. Бұл сан, нумерологтың пайымдауынша, күшті мінезді, көшбасшылық қасиеті жоғары, жауапкершілігі мол адамды сипаттайды.
Нумеролог Қайраттың бойында ата-анасынан берілген осы екі қасиет те бар деп есептейді.
Бірақ оның болжамындағы ең назар аударарлық тұс әншінің алдағы өміріне қатысты болды.
Автор жыл ортасында тұрған 21 энергия Қайраттың ел аралап, шетелге шығып, шығармашылығын кең көлемде танытатын кезеңін білдіретінін жазған.
«Қайраттың биыл ел аралап концерт беруі де осыдан», – дейді ол.
Ал жыл соңына қарай орналасқан 5 арканға қатысты нумеролог алаңдатарлық болжам жасаған.
«Бұл қазіргі болып жатқан мәселенің себебін көрсетеді. Қайратта 5 аркан минуста тұрса, заңмен, құжатпен проблема болатынын білдіреді», – деп жазды автор.
Оның айтуынша, мұндай қиындықтың алдын алу үшін адам заң бұзудан, ережеге қайшы әрекеттерден және отбасы ішіндегі келіспеушіліктерден аулақ болуы керек.
Нумеролог әншінің тұлғалық ерекшеліктеріне қатысты да пікір білдірген.
Ол Қайраттың матрицасында 9/9/18 комбинациясының болуы танымалдық пен қаржылық мүмкіндіктерге байланысты екенін айтады. Сондай-ақ бұл комбинация әлемдегі бай адамдардың арасында жиі кездесетінін алға тартқан.
Автордың пайымынша, Қайрат бір іске немесе адамға тез бауыр басып, оған қатты байланып қалуы мүмкін. Сонымен қатар белгілі бір тәуелділіктерге бейімділігі болуы ықтимал.
«Зависимостьпен мәселе өмірінде жиі болады. Неден қорықса, сол тез орындалады. Үнемі ой үстінде жүретін адам, қиялы жақсы дамыған», – деп жазған нумеролог.
Әншінің шығармашылық болашағына қатысты да ерекше болжам айтылған.
Автор Қайраттың матрицасындағы 18 аркан оның шығармашылық қабілеті мен көпшіліктің есінде ұзақ сақталуына байланысты екенін түсіндірген.
«Қайраттың әндері неге жылдар бойы ұмытылмайды, орнын ешкім баса алмады деген сұраққа жауап оның 18 арканында», – дейді ол.
Нумерологтың пікірінше, бұл сан адамның шығармашылық әлеуетін ашып, көпшіліктің жадында қалатын туындылар жасауына ықпал етеді.
Жазба соңында автор Қайраттың шешім қабылдау мен жауапкершілік алуда қиындықтары болуы мүмкін екенін айтып, алдағы кезеңге қатысты тағы бір болжам жасаған.
«Осы жыл энергиясында 11/21/5 энергиясы тұр. Жыл басы өте активный басталады. Адамнан әдеттегіден көп энергия талап етіледі. Жоспармен өмір сүрмесе, агрессиямен проблема болады», – деп жазды ол.
Осылайша, нумеролог Қайрат Нұртастың танымалдығын, шығармашылық қабілетін, мінезіндегі ерекшеліктерді және алдағы өмірінде болуы мүмкін оқиғаларды «тағдыр матрицасы» арқылы түсіндіруге тырысқан.
Айта кетейік, бұл – нумерологтың жеке болжамы. Нумерология адамның мінезін, тағдырын немесе болашақта болатын оқиғаларды ғылыми тұрғыдан сенімді болжайтын әдіс ретінде дәлелденбеген.
