Бірер уақыт бұрын Қарағандыда кенеттен жоғалып кеткен қарт апаға қатысты іздеу жұмыстары тоқтатылды. Не себепті іздестіру тоқтатылғанын қарияның немересі қайғыдан қан жұта отырып, хабарлады деп жазады Democrat.kz.
Қарияның немересінің айтуынша: "18 наурызда әжем менімен сөйлескеннен кейін кітапханаға кетіп, кітаптарды алып, үйге оралған еді. Кейінірек ол мен арнайы шақырған шөберелерінің концертіне баруға жиналды", деген немересі оқиғаның әрі қарай қалай өрбігенін тәптіштеп айтып берді.
"Әжем мәдениет үйлерін шатастырып, Мәдениет үйінің орнына Жастар мәдениет үйіне барады. Әйтсе де, концерт ол жерде өтпейтін еді.
Соған қарамастан әжеміз шөберелерінің шыққанын күтіп Жастар мәдениет үйінің жанында қалған.
Біршама уақыт өткенше сол жерде күтіп отырған әжеміз кейінірек шөберелерінің ол жерде болмағанын түсініп, үйге қайтуға бел буады.
Көше камераларынан көргенімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мәдениет үйінен шыққан соң, әжеміздің жағдайы күрт нашарлағанын байқауға болады.
Үйге емес, басқа бағытқа бет алған қария есінен адасқан күйге түскендей сабылып, шарқ ұрып, түрлі бағыттарға әрлі бері кезе бастайды.
Әбден адасқан әжеміз сілесі құрып, шаршағанша сабылып, әр бағытқа жүрумен болады. Ақырында шардап, зорыққан қария алдынан шыққан ағаштың түбіне қисайып, демалмаққа отырған сияқты.
Наурыздың 18-нен 19-на ауған түнде ағаш түбінде қисайып, ұйықтап қалған әжеміз сол жерде жан тапсырыпты", дейді.