"Қазақ мектебінде білім төмен": Бұл қаншалықты рас пікір?

"Қазақ мектебінде білім төмен": Бұл қаншалықты рас пікір?
Алматыда қанша қазақ бар, қанша қазақ мектебі бар? «КСРО кезінде Алматыда бір ғана мектеп қазақ тілінде болды, ол нөмір 12-ші мектеп еді» деген сөз бар.
 
Осы сөз жиі айтылады. Бірнеше көлемді мақала да жазылған. Дегенмен КСРО құлайтын сәтте қалада онға жуық қазақ тілді мектеп болды дегенді оқығаным бар. Бұл аралас мектепті қоса айтқандағы статистика болса керек. Яғни, бір таза қазақ тілді мектеп және бірнеше аралас мектеп.
 
«Желтоқсан оқиғасы сәтінде Алматыда 10 пайыздан сәл ғана көп қазақ болған» деген жиі айтылады. Алайда 1979 жылы Алматыда қазақтың саны 16,7 пайыз екенін оқыған едім. Осылайша сол сәтте қазақ тілді мектептің аздығын қаладағы қазақтың аздығымен түсіндіретіндер бар.
 
Қазір қалада қанша қазақ тілді мектеп пен қазақ бар? Қазір Алматыда 216 мемлекеттік мектеп бар көрінеді. Оның ішінде 78 мектеп қазақ мектебі. Аралас мектептер саны 77, 58 мектеп орыс тілінде көрінеді. 3 ұйғыр мектебі де бар екен. 90-шы жылдары 13 қазақ мектебі болған дейді.
 
Қазір енді қаладағы ұлттардың үлесін қарасақ, қазақтар басымдыққа ие болған. Нақтысын білмедім, бір сайт 62 пайыз қазақ бар десе, енді бірі 69 пайыз дегенді жазыпты. Шамамен сол 65-70 пайыз болса керек.
 
Енді демография ақырындап өз дегенін жасай бастайды. Мысалы соңғы 12 жылда Алматыда 24 мектеп ашылыпты, соның 19-ы қазақ мектеп екен. Бұл әрине жақсы. Бірақ әлі де көрсеткішті жақсартуға болады. Ол үшін ең алдымен ата-ананың санасын өзгерту қажет.
 
Балаларын қазақ мектебіне бермейтін біраз ата-аналардан, «неге қазақ мектебіне бермейсіз» десем, «қазақ мектебінде білім төмен, дұрыс оқытпайды» деген жауап аламын. Бірақ бұл жаңсақ пікір. Қазақ тілді мектептен шыққан балалардың көштен қалып, аштан өліп жатқанын көрмедім.
 
Ғылымда, білімде топ жарып жатқандардың басым бөлігі сол балалар, халықаралық олимпиададан да көп жүлде әкелетін осы балалар.
 
Биыл қызым мектепке барады, әлбетте қазақ тілді мектепке, қазақ сыныбына. Бір туысымыздың ұлы да бірінші сыныпқа барып жатыр. Бірақ ол орыс сыныбына берді. Неге қазақ сыныбына, қазақ мектебіне бермейсің десек, жоғарыдағы жауапты алдық.
 
Үйінің жанында қазақ мектебі бар, бірақ «жаңсақ пікірге әбден жантайып алған» туысымыз, екі шақырым жердегі мектепке баласын күнде апармақ. Әлбетте өзі біледі ғой, өзінің таңдауы.
 
Жалпы осы «қазақ тіліндегі мектептің білімі төмен, балалары жасық болады» деген жалған стереотипті жоюға жұмыс істеуіміз керек. Сол қате түсінік жойылған сәтте, баласын қазақ мектебіне сүйрейтін ата-ана да көбейеді деп ойлаймын.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, журналист.
Барлық жаңалықтар