1 қыркүйектен бастап қазақстандық мектептерде бірқатар жаңа талап қолданыла бастады. Бастауыш және орта буындағы оқушылардың смартфон пайдалануына шектеу қойылып, кей мектептерде жасанды интеллект құралдары сынақтан өтеді, ал білімді бағалау жүйесінде де өзгерістер енгізіледі, деп жазады Democrat.kz.
Жаңа оқу жылындағы ең байқалатын өзгерістердің бірі смартфондарға қатысты.
1–7 сынып оқушылары сабақ кезінде телефондарын пайдаланбауы тиіс. Мектептің ішкі тәртібіне қарай смартфон арнайы жерде сақталуы немесе оқушының сөмкесінде өшірулі тұруы мүмкін.
Сонымен бірге бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі қарастырылып, оқу жүктемесін біртіндеп арттыру ұсынылған.
Жасанды интеллект те білім жүйесіне кезең-кезеңімен енгізіледі. Алғашқы кезеңде Павлодар және Қызылорда облыстарындағы он шағын жинақты мектепте AI құралдары сынақтан өтеді.
Мұғалімдер жасанды интеллектіні сабақ дайындау және білімді тексеру кезінде пайдалана алады.
Бұдан бөлек, алғашқы әскери дайындық бағдарламасы жаңартылып, мектеп оқушыларының профилактикалық медициналық тексеру тәртібі өзгеруде.