Қазақстандықтар жарты жылда 1,5 миллионнан астам паспорт пен жеке куәлік алған: 2026 жылы құжат рәсімдеу қанша тұрады?

Қазақстандықтар жарты жылда 1,5 миллионнан астам паспорт пен жеке куәлік алған: 2026 жылы құжат рәсімдеу қанша тұрады?

2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 1,5 миллионнан астам паспорт пен жеке куәлік берілген. Тек маусым айының өзінде 269 мыңнан астам азамат жаңа құжатын алған. Ал биыл жеке куәлік рәсімдеу тәртібінде қазақстандықтар үшін маңызды өзгеріс күшіне енді деп жазады Democrat.kz.

Қазақстанда паспорт пен жеке куәлік рәсімдеу – Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірі.

Паспорт рәсімдеу үшін азаматтың тіркелген мекенжайы шешуші рөл атқармайды. Қазақстандықтар өздеріне ыңғайлы ХҚКО-ға жүгіне алады.

Паспорт қанша тұрады?

2026 жылы айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болғандықтан, паспорт үшін төленетін мемлекеттік баж да соған сәйкес есептеледі.

Қазіргі тариф:

36 беттік паспорт – 34 600 теңге (8 АЕК);

48 беттік паспорт – 51 900 теңге (12 АЕК);

16 жасқа дейінгі балаға арналған 24 беттік паспорт – 17 300 теңге (4 АЕК).

16 жасқа дейінгі балаларға көлемі 24 бет болатын паспорт беріледі. 12 жасқа дейінгі балалардың паспорты 5 жылға, ал 12 жастан 16 жасқа дейінгілердікі 10 жылға рәсімделеді.

Жеке куәлік 2026 жылдан бастап тегін

Биылғы басты жаңалықтардың бірі – жеке куәлікті белгілі жағдайларда тегін алу мүмкіндігі.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес азамат:

— 16 жасқа толып, жеке куәлікті алғаш рет алғанда;

— жеке куәліктің жарамдылық мерзімі аяқталып, жаңасына ауыстырғанда мемлекеттік баж төлемейді.

Бұған дейін жеке куәлік үшін 0,2 АЕК көлемінде мемлекеттік баж қарастырылатын.

Ал құжат жоғалған жағдайда басқа тәртіп қолданылады. Әсіресе жеке куәлікті бір жылдың ішінде бірнеше мәрте жоғалтқан азаматтарға талап қатаң: бір жыл ішінде екі реттен артық жоғалтқан жағдайда мемлекеттік баж 1 АЕК мөлшерінде белгіленеді.

Жеке куәлікті онлайн ауыстыруға да болады

Тағы бір маңызды жаңалық – кей жағдайда ХҚКО-ға бармай-ақ жеке куәлікті онлайн ауыстыру мүмкіндігі.

Электрондық мемлекеттік қызмет жеке куәліктің жарамдылық мерзімінің аяқталуына 30 күн немесе одан аз уақыт қалғанда, сондай-ақ мерзімі өткеніне 10 күннен аспаған жағдайда қолжетімді.

Онлайн өтініш беру үшін биометриялық сәйкестендіруден өтіп, фотосурет пен қолтаңба үлгісін ұсыну және электрондық цифрлық қолтаңбамен өтінішті растау қажет.

Егер биометриялық сәйкестендіру сәтсіз өтсе, азаматқа ХҚКО арқылы рәсімдеу ұсынылады.

15 күн күткіңіз келмесе…

Паспорт пен жеке куәлікті стандартты тәртіппен дайындау мерзімі – 15 жұмыс күніне дейін.

Алайда құжат шұғыл қажет болған жағдайда оны жеделдетіп алуға болады.

Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында құжатты 1 немесе 3 жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында 3 немесе 5 жұмыс күніне дейін, ал облыстардың қалалары мен аудандарында 7 жұмыс күніне дейін жеделдетіп рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.

Бұл қызмет үшін мемлекеттік баждан бөлек қосымша ақы алынады.

Жеке куәліктің мерзімін өткізіп алмаңыз

Қазақстан азаматының жеке куәлігі 10 жылға беріледі.

Паспорттан айырмашылығы – жеке куәлік Қазақстан азаматы үшін негізгі міндетті құжат. Сондықтан оның жарамдылық мерзіміне назар аударған жөн.

Мемлекеттік қызмет порталындағы ақпарат бойынша, жеке куәлікке уақтылы жүгінбеу әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Ал паспорт – азаматтың шетелге шығуына арналған құжат болғандықтан, оның мерзімінің өтіп кетуінің өзі мұндай жауапкершілік туғызбайды.

Сондықтан жеке куәліктің жарамдылық мерзімін алдын ала тексеріп қойған дұрыс.

Барлық жаңалықтар