Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 16 трлн теңгені құрады

Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 16 трлн теңгені құрады

Мемлекеттік және реттелетін сатып алулар шеңберінде отандық тауар өндірушілермен 82 млрд теңге сомасына 45 мыңнан астам шарт жасалды деп жазады Democrat.kz.

Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қоры 390 млрд теңгеден асатын 286 ұзақ мерзімді келісімдер мен офтейк-келісімшарттарға қол қойды. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, қазақстандық кәсіпорындар үшін басымдықа ие бола отырып сатып алуға 5323 тауар позициясы белгіленген, ал жер қойнауын пайдалану саласында 123 млрд теңгеге 425 кепілдендірілген сатып алу шарты ресімделген. Мемлекеттік қолдау шаралары Шымкенттегі трансформатор зауытының өндірістік қуатын 90%-ға, Семей қаласындағы кабельдік тоқ өткізгіш өнімдер кәсіпорнының өндірістік қуатын 72%-ға, Қарағандыдағы темір арқан зауытының өндірістік қуатын 71%-ға дейін көтеруге мүмкіндік берді.

«Жаңа өндірістерді дамыту мақсатында 2023 жылдан бері өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған 623 жоба іске қосылды. Осының нәтижесінде елімізде бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлері шығарыла бастады. Атап айтқанда, локомотивтердің тірек балкалары, автобустардың қаптама элементтері, жүк техникасына арналған бөлшектер, автокөлік орындықтары мен мультимедиялық жүйелер, тұрмыстық техника, тік жікті құбырлар, терезе профильдері, фиброцемент тақталары, ламинат, жылыту радиаторлары және өзге де жаңа өнім түрлері өндіріле бастады»,

 — деді Ерсайын Нағаспаев.

Айта кетейік, бірінші жартыжылдықта өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8% өсіммен 16 трлн теңгеге жетті. Шикізаттық емес тауарлардың экспорты 14,6%-ға артып, $12 млрд құрады.

 

Барлық жаңалықтар