"Қазақтың жаназасын жек көрем!": Қазіргі жерлеу рәсімдеріндегі сорақы тірліктер

"Қазақтың жаназасын жек көрем!": Қазіргі жерлеу рәсімдеріндегі сорақы тірліктер

Threads желісінде Зарина есімді қолданушы қазақтың жерлеу рәсімін жек көретінін ашық жазып, жақынан айырылған отбасы жаны қайғырып тұрса да дастарқан жайып, жұртты күтетініне реніш білдірді деп жазады Democrat.kz.

“Мен қазақтың жерлеу рәсімін жек көремін. Қайғының ортасында отырсаң да, өзіңді қолға алып құдайыны өткізетін орын табуға, азық-түлік алуға, дұрыс маталарды таңдауға, ет табуға, түні бойы бауырсақ пен құдайы нан қуыруға мәжбүрсің.

Мұның бәрі үстірт көрінісі ғана. Ал жерлеу кезінде бәрінің жайғасып, тамақтанып отырғанын қадағалап тұрасың, олардың күлкісін, әртүрлі әңгімелерін естисің.

Өзінің әрең тұрғаныңа, ішіңде еңсеңді езген қайғы барына ешкім мән бермейді. Сол сәтте жатып алып, жылағың ғана келеді.

Тағы біреулер көмектеспей жатып, ақылын тықпалайды. Ал сол туыстар сенің артыңнан сені сынап, сөз қылады. Оларды марқұм емес, дастарқан қандай болды, ет дәмді ме, қандай маталар таратылғаны ғана қызықтырады. Қысқасы, мен қазақтың жерлеу рәсімін жек көремін”деп жазды Зарина.

Заринаның жазбасынан кейін әлеуметтік желі қолданушылар өздері қайғыға батқанда, жаназада көрген сұмдық жайттар туралы пікірлерімен бөлісті.

Мадина есімді желі қолданушы жақындарының жаназасынан кейін қатты күйзеліске түскенін айтқан. 

“Мен нені қатты сынаймын? Қазақтың жерлеу рәсімін! Иә, дәл сол қазақы жерлеу, салт-дәстүр мен діни көзқарас араласқан рәсім.

Мен қатарынан әжемнің, атамның және әкемнің жаназасын өткердім. Соның салдарынан қатты күйзеліске түстім. Кейбір адамдар ас ішу үшін, дастарқанның қалай жайылғанын бағалап, өздеріне ет алып кету үшін келгендей әсер қалдырды.

Эмоциялық тұрғыдан ең ауыр сәт, өзің енді ғана сабырға келе бастағанда, адамдар кіріп келіп, айғайлап жылап, қайғыларын шектен тыс көрсетеді. Бірақ бұл көбіне шынайы емес, “солай болуы керек” деген түсініктен туған әрекет сияқты”,дейді Мадина.

"Адам басына түспей, басқаны түсінбейді ғой... Әкем сексен жастан асып, қайтыс болды. Бір өлімнің келерін білсек те, қабырғамыз қайысып, қайғыға баттық. 

Сол кезде ең жүйкеме салмақ салған сөз "бұл кісінікі той ғой"деген сөз болды. Не сөз осы? Иә, жасы сексеннен асты. Бірақ ол қанша жаста болса да, менің асқар тауым, әкем ғой! Жаназада осылай бос сөйлейтіндерді жек көремін. 

Сосын ең жаныма батқаны, "дауыс салып жыламаңдар, шариғатта жоқ, құдайға қарсылық, пәлен пәштуан" дейтін сақалиттердің сөздері болды. 

Ішімдегі шерімді тарқатып, аңырап, жоқтап жылай алмай, соның азабын әбден тарттым.Өңешімде кептеліп қалған өксік кәдімгі ауруға шалдықтырды. 

Ішке жұтқан шемен жас жүрекке салмақ салып, бұл күнде кардиологтың тұрақты науқасына айнлдым. 

Ең жек көретінім, сумаңдап, ит те, құс та жаназада данышпан боп, ақыл айтқыш болып кететіні"деген Айзада  адам қайғысын ішке жұтса, аықпас дертке ұшырайтынын айтты. 

Дайындаған Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.

Барлық жаңалықтар