Танымал қоғам белсендісі Абзал Достияр діндар қауымның пір тұтатын Исматулла Мақсұм жайлы ел білмейтін сұмдық деректерімен бөлісіп, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
Абзал Достияр өз жазбасында: "Исматулла Мақсұм менің өміріме қалай әсер етті немесе мен қалай “Зікірші” болмадым?
Аптаның демалыс күндері өмірімнің қызық кездерін жариялағанды жөн деп шештім, өйткені ол менің жеке өмірім ғана емес көптеген адамның тағдырына әсер еткен ағымның іс-әрекетіне қатысты болып тұр.
2003-ші жылдың жаз айында Қызылорда облысы,Шиелі ауданы, Қарғалы ауылынан, дәл Сырдария өзенінің жағасынан Алатау баурайындағы Алматы қаласына арман қуып келдім.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Журналистика факультетіне түссем деген мақсатымды орындау үшін жолға шыққан менің сөмкемде
Республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жарияланған мақалаларымның қиындысы және Абай оқуларынан 1-ші орын алғаным туралы мақтау қағаздарым бар, журфакқа түсу үшін керек болады дегенді естігенім бойынша жинағанмын.
Алматыға алғаш келген 17 жасар мені вокзалдан анамның інісі Дариябай ағам күтіп алды, автобусқа отырып үйіне келдік, анам сөмкемнің түбіне салып берген 30 мың теңгені ағамның қолына ұстаттым, анам солай жаса деп тапсырған.
Келесі күні Жандосов көшесінің бойында орналасқан нағашы ағамның үйінен шығып Тимирязев көшесімен бойлап барып ҚазҰУ қалашығының қабылдау комиссиясы отырған ғимаратын іздеп таптым.
Құжаттарымды анам сақадай сай қылып жіберген, қабылдап отырған қыздар “бәрі дұрыс”-деп қабылдап алды.
“Пәлен күні, түген сағатта осы жерге келесің, шығармашылық емтихан тапсырасың” деді.
Айтылған күні уақытылы келдім, алдымен жазбаша емтихан тапсырады екенбіз, бізден емтихан қабылдаған Сағатбек Медеубекұлы деген кісі болды, ол тұста Журфак деканы ақын Бауыржан Жақып деп естідім, бірақ өзін көрмедім.
Жазбаша емтиханнан 29 балл алдым, негізі былай еді, жалпы 120 балл болса, 60 балл алу үшін елдің барлығы тапсыратын уақытта(ол кезде кешенді тест деп аталатын, ҰБТ деген 2004-ші жылы енгізілді)қазақ тілі мен әдебиетінен және Қазақстан тарихынан тапсырасың, бірақ оған дейін екі шығармашылық емтихан тапсырып тастауға тиістісің, жазбаша және ауызша.
Мүмкін болған 30 баллдан 29 жинағаныма көңілім толды.
Араға екі күн салып ауызша емтихан тапсыруға қайта келдім.
Төрт немесе бес кісінің алдына қарама-қарсы отырып қойған сұрақтарына жауап бердім, сұрақтар: “Пәлен деген газеттің бас редакторы кім, Пәленше Түгеншеев деген журналисті білесің бе, ол қай басылымда істейді?-“деген сияқты сұрақтар болды.
Сөйтіп ауызша емтиханнан 28 балл алдым, көңілім көншіді, “Енді алдағы күндері елмен бірге тапсыратын кешенді тестілеуге қатысып, 60 баллдан 53-55 балл жинасаң оқуға түсіп тұрсың”- деді қабылдау бөліміндегі кісілер, мәз болып қалдым.
Қызық енді басталды.
Уақытым болған соң әкемнің інісі Абылай деген ағам Алматының Мамыр ықшам ауданында орналасқан Исматулла Мақсұм деген кісінің үйіне ертіп барды, мақсаты ақсақалдың батасын алдыру.
Үй дегенде үй емес, үш қабатты етіп үй қылып салынған ғимаратты оқу орнына айналдырып алғанын аңғардым, қандай жағдайда қалай білім алып жатқанын соңыра жазамын.
Өздері “тақсыр” деп құрақ ұшатын Исматулла деген адамды сол күні алғаш рет көрдім, ол кезде “Зікіршілер” деген топтың дүркіреп тұрған уақыты еді.
Алматыдағы Жоғарғы оқу орындағы “Айбат”, “Қаһар” және тағы басқа жастар ұйымдарының барлығын осы “Зікіршілер” тобының адамдары басқарады деп естіген едім, сол жерде оған көзім жетті.
Иманғали Тасмағамбетов пен сол кездегі мәжіліс депутаты Нұрбақ Рустемов те осы топқа жақын екенін түсіндім.
“Қазақстан” ұлттық арнасындағы эфирде жүрген елге танымал журналистердің барлығы дерлік осы ағымда екенін мақтанып айтты сол жердегілер.
Ғалым Боқаш, Санжар Керімбай, Рахат Мамырбек, Қасым Аманжол, Болат Мүрсәлім деген өзі сырттай сыйлайтын танымал журналистер де осылардың қатарында екенін естідім.
Қасым Аманжол мен Болат Мүрсәлімді көрмедім, одан кейін де бұл ағымға қатыстылығын байқамадым, ал алдыңғы үшеуі менің көзімше мен танымайтын тағы бірнеше кісімен бірге келіп екінші қабатқа көтеріліп кетті.
Келгендердің барлығы Исматулланың қолынан сүйіп амандасып, құлдық ұрып тұратынын байқадым, маған бұл көрініс ерсі көрінді"деп жазып, оқиғаның жалғасын алдағы уақытта салатынын
айтты.