Қуат Хамит тізерлеу туралы жазба жариялап, жұрттан оңбай сөз естіп қалды

Қуат Хамит тізерлеу туралы жазба жариялап, жұрттан оңбай сөз естіп қалды

Танымал спортшы Қуат Хамитовтың «ер адам тек бір әйелдің — анасының алдында ғана тізерлеп тұруы керек» деген жазбасы әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды. Бірқатар оқырман спортшының пікірін сынға алып, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықты әлсіздікпен шатастырмауға шақырды, деп жазады Democrat.kz.

Қуат Хамитов Threads парақшасында:

«Ер адам тек бір ғана әйелдің алдында тізерлеп тұруы керек. Ол — анасы!» — деп жазған.

Бір қарағанда ананы құрметтеуге үндейтін сөз секілді көрінгенімен, жазбаның астындағы талқылау мүлде басқа арнаға бұрылды. Оқырмандардың бір бөлігі бұл ойды ер адамның әйеліне деген құрметін төмендететін көзқарас ретінде қабылдаған.

Ең көп қолдау тапқан пікірлердің бірін желі қолданушысы Бақтинұр жазды.

«Қуат, рингте миыңды қағып тастағанын бұрыннан білеміз. Бізге оны дәлелдеудің қажеті жоқ», — деген оның пікірі 400-ден астам реакция жинаған.

Тағы бір қолданушы ер адамдардың әйелге қандай талап қоятынын сынға алып:

«Өздері ешқашан істемеген нәрселерін айтқандай етіп айтады осы еркектер?! Шешесінің алдында тізерлеп отырып, шешеңді гүлге орап қой, шешеңе күнде төрт мезгіл ыстық тамағын істеп бер, киімдерін жу, үйіңді тазала. Солардың біреуін істемейді өздері. Тек үйленетін кезде қатынын көрген кезде есіне түседі неге екені», — деп жазған.

Бұл пікір де ондаған адамның қолдауына ие болған.

«Септікті білмейтін Қуаттан не сұраймыз?»

Желі қолданушылары спортшының ойын ғана емес, жазбадағы тілдік қатені де назардан тыс қалдырмаған.

«Септікті білмейтін Қуаттан не сұраймыз?» — деп жазған оқырман бар.

Тағы бірі әзілмен:

«Қуатқа Қуаткүл жолықпай жүр да просто», — деген.

«Қуат, бірінші неше септік бар екенін біліп алшы», «Ақыл көп, бірақ кілті жоғалған», «Қуат шынымен қу адам екен», «Ашш ауыр кетті» деген пікірлер де жазылған.

Кейбір реакциялар тіпті спортшының жеке басын кемсітуге дейін барған. Мұндай пікірлердің бар екенін көрсетуге болғанымен, оларды орынды сын ретінде қабылдау дұрыс емес.

Ананы құрметтеу әйелді құрметтеуге қайшы ма?

Хамитовтың бір сөйлемдік жазбасы әлеуметтік желіде үлкенірек мәселені қозғады: ер адамның анасына деген құрметі мен жарына деген сыйластығын бір-біріне қарсы қою қаншалықты қисынды?

Ананы қадірлеу — бір мәселе. Ал ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас — екінші мәселе. Бірін жоғары қою үшін екіншісін төмендету міндетті емес.

Оның үстіне «тізе бүгу» сөзін тура мағынасында емес, құрмет пен кішіпейілдіктің метафорасы ретінде қабылдасақ та, қоғамдағы ер мен әйелдің орны туралы мұндай кесімді тұжырымдардың пікірталас тудыруы заңды.

Әлеуметтік желідегі реакцияға қарағанда, жұрттың бір бөлігі ер азаматтың беделін әйелден «жоғары тұруымен» емес, өз отбасына деген жауапкершілігі және құрметімен өлшеу керек деп санайды.

Ал Хамитовтың жазбасы тағы бір рет қоғамдағы «ер адам қандай болуы керек?» деген ескі сауалдың әлі де өткір екенін көрсетті.

Ескерту: мақаладағы Хамитовқа бағытталған өткір сөздер — әлеуметтік желі қолданушыларының жеке пікірлері. Олар Democrat.kz редакциясының ұстанымын білдірмейді.

Барлық жаңалықтар