Батыс Қазақстан облысындағы белсенді ұстаздар Тілекқабыл Нұрышов пен Азамат Муссиловты полиция ұстап әкеткен деп жазады Democrat.kz.
Бұл жағдай туралы Азамат Муссилов өзінің
парақшасында жазды. "Масқара...
Құрметті достарым, біздер Тілекқабыл Нұрышов мырза екеуіміз дәл қазір Орал қаласының номері бірінші учаскелік полиция бөлімшесіндеміз.
Тілекқабыл мырзаның үстінен полиция подполковнигі Олжас Ибраев баянат түсіріпті.
Баянатта Ибраев Тлекқабыл мырзаға 26 қаңтар күнгі номері 1 мектепте әкімшілік құқықбұзушылық әрекетіне байланысты шара қолдануды сұрапты.
Нариман Төреғалиұлы, сен басқарып отырған өңірде Оқу Ағарту министірлігінің жанындағы Қоғамдық Кеңес мүшесі Тілекқабыл Нұрышев мырзаға қарсы қудалау жұмысы заңды ма?
Қазақстан Республикасының азаматы Тілекқабыл мырзаға келіп қандай да бір талап қойған полиция подполковнигі Ибраевтың өзі қызметтік киімнің кию ережесін бұзғаны, Тілекқабыл мырзаның рұқсаты, келісімісіз жеке мүлкі сумкасын ұстағаны қалай тексерілмеді?
Ең бастысы сол күнгі номері 1 мектептегі жиналысқа Оқу Ағарту Министірлігінің жанындағы қоғамдық кеңес мүшесінің кіруіне рұқсаты жоқ екендігі қаншалықты заңды Жұлдыз Сүлейменова ханым?" Деген Азамат Муссилов тиісті орган өкілдеріне сұрау салды.
"Полицияға кіргеннен Тілекқабыл Нұрышов мырза өзін шақырған қызметкерге - Ибраев Олжас 1 мектептегі жиналысқа қонақ есебінде шақырылды, демек ол кісінің баянаты орынсыз деген ойын айтса да полиция қызметкері естір құлағы болса да түсінер санасын таппады ма?
Ол былай тұрғанда тіпті қызметтік әрекет жасаған Ибраев неге қызметтік киім кию ережесін сақтамады?
Себебі Полиция Заңы бойынша полиция қызметкері қызметтік әрекет жасағанда қызметтік киімі толық талап тәртіпке сай киілуі керек еді.
Одан басқа Тілекқабыл мырзаның келісімі немесе рұқсатынсыз Тлекқабыл мырзаның жеке мүлкі сөмкесін неге ұстады?
Өзі қонақ есебінде шақырылған жерде білім басқарма басшысының (облыстық қалалық білмеймін, білгім де келмейді) тапсырмасыменен 1 мектеп директоры шақырған полиция қызметкерінің алдын орап, яғни шақырылған полициядан бұрын Тлекқабыл мырзаны жұлқылай жөнелген Подполковник не көздеді?
Әлде ол полковниктің Тлекқабыл мырзадан ала алмай жүрген өші бар ма еді?
Ал енді оқырмандар алдағы уақытта полиция қызметкерлерін қонаққа шақырғанда мұқият боларсыздар, жұлқылап желкелеп өздеріңізді шығарып тастамасын отырған жерлеріңзден!"
Деді Азамат Муссилов.
Азамат Муссиловтың бұл жазбасына қатысты БҚО Білім Басқармасы:
"2026 жылғы 26 қаңтар күні Орал қаласының №1 мектеп базасында құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен мектеп директорларына арналған мәжіліс өтті.
Мәжілісте кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, буллинг профилактикасына қатысты мәселелер қаралды.
Аталған мәжіліс Орал қаласының мектеп директорларына арналған мәжіліс болғандықтан өз еркімен қатысуға ниет білдірген №44 мектеп-гимназиясының география пәні мұғалімі Т.Нурышовтың қатысуына полиция басқармасы өкілі тарапынан жол берілмеді.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес педагогтердің құқықтары қорғалуға жатады.
Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті педагог Т. Нұрышовқа қатысты туындаған жағдайдың мән-жайына талдау жүргізетін болады"деген жауап жазды.