"Ромашка ойыны": Мұғалімге гүл беру мәселесі жұртты әбден әуреге түсірді

"Ромашка ойыны": Мұғалімге гүл беру мәселесі жұртты әбден әуреге түсірді

Қазақстанда 1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл сыйлауға тыйым салынбаған. Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселені нақтылап, гүл беру тек ата-ана мен оқушының ерікті таңдауы болуы керектігін түсіндірді. Мектеп әкімшілігі немесе сынып жетекшісі гүлге ақша жинауға, ата-аналарға міндет жүктеуге немесе сыйлық алуды ұйымдастыруға құқылы емес, деп жазады Democrat.kz.

Бұған дейін Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мектеп қабырғасында мұғалімдерге гүл мен сыйлық беруге жол берілмейтінін айтқан еді. Бұл мәлімдеме қоғамда қызу талқыланды.

Алайда сол күні министрлік кейінірек арнайы түсініктеме таратып, ұстанымын нақтылады.

Ведомствоның мәліметінше, 1 қыркүйекте ұстазға гүл сыйлау – жақсы дәстүр. Бірақ ол міндетке, ата-аналар арасындағы жарысқа немесе отбасыға қосымша қаржылық салмаққа айналмауы тиіс.

Министрлік:

«Ең бастысы – гүл шоғының көлемі немесе бағасы емес, баланың мұғалімге деген құрметі. Сондықтан гүл сыйлау туралы шешім әр баланың және ата-ананың ерікті таңдауы болып қалуы керек», – деп түсіндірді.

Яғни бала өзінің қалауымен мұғаліміне бір тал гүл немесе гүл шоғын әкелсе, оған тыйым жоқ.

Ал мектептің өзі:

– гүл немесе сыйлық сатып алуды ұйымдастырмауы керек;
– ата-аналардан ақша жинамауы тиіс;
– гүл әкелуді міндеттемеуі керек;
– кімнің гүл шоғы қымбат деген жарысқа жол бермеуі қажет.

«Біресе болады, біресе болмайды»

Министрліктің алғашқы мәлімдемесі мен кейінгі түсіндіруі әлеуметтік желіде түрлі пікір туғызды.

Кей ата-аналар мұндай ақпараттың бірден нақты айтылмағанына наразылық білдірді.

«Біресе болады, біресе болмайды. Ромашка ойыны сияқты болды ғой», – деп жазған қолданушылар бар.

Тағы бірі:

«Эмоциялық әткеншек болды», – деп әзілдеген.

Ал кей ата-аналар гүл сыйлау дәстүрін қолдайтынын жеткізді.

«Біз үнемі мұғалімдерімізге гүл шоғымен баратынбыз», – деген пікір де жазылған.

Бұл пікірді қолдайтын ата-аналар үшін гүл – қымбат сыйлық емес, баланың ұстазына деген құрметінің қарапайым белгісі.

Мұғалімдер не дейді?

Ұстаздар арасында да пікір әртүрлі.

Бір топ педагог үшін баланың қолынан алған бір тал гүлдің өзі көңілге жылы. Олар ата-аналардан міндетті түрде ақша жинамаса, мұндай дәстүрден бас тартудың қажеті жоқ деп санайды.

Ал кей мұғалімдер 1 қыркүйектегі гүл мәселесінің ата-аналар чатында міндетті ақша жинауға айналып кететінін айтады. Әсіресе бірнеше бала оқитын отбасылар үшін мұндай шығынның көбейетіні де сөз болады.

Сондықтан бұл топ министрліктің «ерікті болуы керек» деген ұстанымын қолдайды.

Нақтысы не?

Қазіргі ресми түсіндірме бойынша, мұғалімге гүл сыйлауға болады.

Бірақ бұл – міндет емес.

Бала мен ата-ана гүл әкелгісі келсе, әкеле алады. Ал мектеп немесе мұғалімдер гүлге ақша жинауға, белгілі бір соманы белгілеуге немесе «бәрі әкелуі керек» деген талап қоюға тиіс емес.

Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйектің артық сән-салтанат пен шығынсыз, жылы атмосферада өтуін құптайтынын мәлімдеді. Негізгі мән гүлдің бағасында емес, балаға ұстазды құрметтеуді, қарапайымдылық пен ізгілікті үйретуде болуы керек.

Сөйтіп, екі күнге созылған «гүл сыйлауға бола ма, болмай ма?» деген дауға министрлік соңғы нүктесін қойды: гүл сыйлауға болады, бірақ тек өз еркіңізбен.

Барлық жаңалықтар