Сәкен Майғазиевтің әйелі ерекше жазба жариялап, жұртты тәнті етті

Сәкен Майғазиевтің әйелі ерекше жазба жариялап, жұртты тәнті етті

Әнші Сәкен Майғазиевтің әйелі Динара Майғазиева желідегі парақшасында енесіне тілек арнап, ерекше жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

"Бойымда айналам бағалар қасиеттер болса, тегімнен ғана емес, келін боп түскен жұртымның құндылықтарын қабылдағанымнан деп білем. 

Әкем отағасы екеуміз шаңырақ көтергенде: " қызым, енді нағыз жұртыңа жеттің, Алла бағыңды ашсын!" деп бата бергенде мәніне ол кезде бойлай алмасам, бүгінде бар болмысыммен түсінгендеймін. 
Қыз баласын қазақ қонақ деп құрметтейтіні де содан екен-ау...

Мені өз үйіне келген, ендігіде әулетінің өсіп-өнуі жұдырықтай нәзік қыздың ниетіне байлаулы екенін сезіндіре алған Мамамның (енемнің) қадірін өзім ене болғалы тереңірек түсіне бастадым.

Ол кезде анамыз (енем) елді аузына қаратқан шешен, талабын орындатар көсем шағында еді. Он құрсақ көтерген ардақты ана мұншалықты даналылықты қайдан алады екен деп таңырқайтынбыз. Себебі, анамыз әділетті. Адамның көңіл түкпіріндегісін көзінен танып, әрбірімізге мейірін де, тәрбиесін аяған емес.

Өзгелерден гөрі келіндеріне ерекше қарайтыны - біздің сіңісіп кеткенімізді көздегені екен ғой. 

Анамыз Сәкеңе(отағасы): "Жер жасанды жарық қылған жарығым", "Жан-жағына жылу шашқан жарығым", - деп Сәкеңді еркелетіп отырады.

 

Елдің азаматы болғасын отағасы үлкендердің батасын алып жүреді. Сонда: "... айналайын, Сәкен, жастарға ананы қалай қадірлеу керектігін келін екеуің насихаттап жүрген жансыңдар. Ұлтай апамыздың даналығын мұқым қазаққа танытқандарың үшін де өздеріңді қадірлейді" деген сөзді естігенде қатты тебірендім. 
Бұл - біздің ұлт тәрбиесі алдындағы аманатымыз!

Мамам (енем) сол ізетке лайық екенін, кісіге кінәраты жоқ, қарапайым ғұмыр кешіп жатқанын білеміз ғой. Ұрпағының ғана емес, адамзаттың амандығын тілеп отыратын Анамыз тоқсан жасында да көкірегі сайрап тұрған шежіре әлі. Тәубесін тастамай, сөйлесе қалсақ, батасын, әңгімесін елдің амандығынан бастайды. 

Анамыз тоқсанға толған туған күніне осындай қазынасымен жетті.

Ғасырдан асар қуат тілеймін, анашым!
Аналардың анасысыз, сіз барда болашағымыз жарқын, бала шағымыз ұмытылмайды!!!"деп жазды Динара Майғазиева. 

Бұл жазбаға қатысты жұрт алғысын жаудырып, Динараның керемет келін екенін айтуда. 

Барлық жаңалықтар