Әлеуметтік желіде сақал қоюдың діни үкіміне қатысты танымал имам Нұрланның пікір айтқан видеосы тарады. Нұрлан имам «сақал парыз ба, әлде сүннет пе?» деген сұрақ қойып, бұл мәселеде жалаң ұран емес, Құран мен хадиске негізделген нақты дәлел қажет екенін айтады деп жазады Democrat.kz.
Нұрлан имам діни ұғымдардың ара-жігін ажыратпай, кез келген әрекетті «парыз» деп жариялау дұрыс емес деген ой көтереді. Себебі парыз — мұсылманға міндеттелген амал, ал сүннет — Мұхаммед пайғамбардың өмір салты мен өнегесіне байланысты қалыптасқан діни жол. Екеуінің құқықтық салмағы бірдей емес.
Имам сақал мәселесі исламтанушылар арасында бұрыннан талқыланып келеді. Кейбір діни мектептердің өкілдері оны міндетті амалға жақындатса, енді бір ғалымдар сүннет немесе мұстахаб ретінде түсіндіретінін айтады.
"Мұндай айырмашылық хадистерді түсіндіру тәсіліне, тарихи ортаға және қалыптасқан құқықтық мектепке байланысты.
Алайда әлеуметтік желіде бұл күрделі мәселе көбіне «сақалы бар — діндар, сақалы жоқ — діннен алыс» деген қарабайыр өлшемге айналып кетеді. Шын мәнінде адамның иманы мен адамгершілігін тек сыртқы келбетіне қарап бағалау мүмкін емес. Сақал өсірген адамның бәрі тақуа болмағаны сияқты, сақал қоймаған адамның бәрін дінсіз деуге болмайды", - деген Нұрлан имам сақалды алаяқтарға шүйлікті.
"Жап-жас болып, сақал қою, сақал қойып, алаяқтық жасау белең алып барады. Сақалды алаяқтар, сақалдың қадірін қашырмаңдар! Сақал қойдың ба, хиджаб кидің бе, соның қадірін бағала", - деген Нұрлан имам дінде осылай сақалды, хиджабты алаяқтар көбейгенін жасырмады.