Сәуле Әбілдаханқызы қыз алып қашуға қатысты өткір пікір білдірді

Сәуле Әбілдаханқызы қыз алып қашуға қатысты өткір пікір білдірді
Қоғам белсендісі, журналист Сәуле Әбілдаханқызы парақшасында қоғамдағы өткір мәселеге қатысты пікірін білдіріп, ұсыныс жасады деп жазады Democrat.kz.
 
"Ұлттық құрылтайда президент қоғам үшін аса маңызды әрі терең талқылауды қажет ететін тақырыптардың бірі - "қыз алып қашу" мәселесін көтерді.
 
Бұл әрекетті кейде «дәстүр» деп жылы жауып қоюға тырысамыз. Алайда қазіргі әлеуметтік-құқықтық контексте бұл адамның жеке еркіне, қауіпсіздігіне және негізгі құқықтарына тікелей қайшы келетін құбылыс.
 
Қоғамдық зерттеу институттары жүргізген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі де қоғамда бұл мәселеге теріс көзқарас басым екенін көрсетеді. Респонденттердің жетпіс пайызға жуығы қыз алып қашуды қолдамайды, ал қалған бөлігі бейтарап позиция ұстанады. Бұл бейтарап көзқарас көбіне тарихта болған дәстүрлермен немесе мәдени түсініктермен байланысты екен.
Сол зерттеулерге сүйенсек, «қолды болған» қыздардың басым бөлігі бірден құқық қорғау органдарына арыз айтуға ұмтылады. Алайда кей жағдайларда олардың арыздары қабылданбайды, қабылданса да тиісті деңгейде қаралмай, соңы қайғылы жағдайларға ұласып жатады. Шымкенттегі Нұрай оқиғасы соның айқын дәлелі.
 
Сонымен қатар, алып қашқан қыздардың жиырма пайызға жуығы сол үйде қалып қоюға мәжбүр болады.
 
Бұл да өз еркімен емес, көбіне туыстарының қысымымен жүзеге асады. Мұндай жағдайда туыстары «есік көрген қыз», «қоғам не дейді» деген ескірген әрі жабайы түсінікке сүйенеді. Әрине, бұл – мүлде қате ұстаным.
 
Бір қызығы, дәл осындай жолмен отбасын құрғандардың арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық жиі кездесетіні анықталып отыр.
 
Бір-бірінің мінезін, өмірлік ұстанымын танып-білмей қосылған екі жас кейін ортақ өмірде бірін-бірі түсіне алмай, тұрмыстық кикілжіңдерге ұрынып, оның арты ауыр оқиғаларға әкеліп жатады.
 
Елімізде өткен жылғы қыркүйектен бастап қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бап – «Неке қиюға мәжбүрлеу» енгізілді. Енді адамды еркінен тыс некеге тұрғызу немесе бірге тұру мақсатында ұрлау ауыр қылмыс ретінде қарастырылады. Мұндай әрекет үшін кінәлілер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, ал ауыр жағдайларда жаза он жылға дейін ұлғаяды.Бұрын заңда жәбірленушіні өз еркімен босатқан жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік беретін норма бар еді.
 
 
Қазіргі таңда бұл ереже алынып тасталды. Яғни жәбірленушіні босату енді кінәліні жауапкершіліктен құтқармайды.
 
Сондықтан осындай қадамға баруды ойлап жүрген азаматтарға "ондай заңсыз әрекет, яғни ҚЫЛМЫС жасамас бұрын он рет ойланып ал" деп кеңес берер едім.
 
Өзіміздің «дәстүріміз» ғой деп барып, кем дегенде жеті жыл «срок» арқалап кетіп жүрме... "Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар"...
 
Қазақ қыздың өз келісімінсіз қызды алып қашпаған... ондай қылмысты "дәстүр" кеңес кезінде жиі орын алған..."деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы. 
Барлық жаңалықтар