Мәжіліс депутаттары еліміздегі мұғалімдерді қоғамдық жұмыстарға қатысуы керек деген ұсыныс айтып, бірнеше күннен бері осы мәселе қоғамда қызу талқыға түсіп жатқаны белгілі. Біреулер бұл ұсынысты қолдап, "дұрыс" деп жатса, ал педагогтардың басым бөлігі қарсылық білдіруде. Белсенді ұстаз Сәния Нүсіпәлі де депутаттардың осы ұсынысына өз пікірін білдіріп, өткір шындықты айтты деп жазады Democrat.kz.
Белсенді педагог мұғалімдерді "қоғамдық" деп аталатын жұмыстарға қатыстырмас үшін, алдымен бұрынғы "қоғамдық жұмыстарға қатысып" зардап шеккен ұстаздардың жағдайын еске алуды айтады.
"Семейдегі жағдайды ұмытып кеттік пе?
2024 жылғы 21 желтоқсанда жаңа жылдық шыршаны орнату/безендіру кезінде мектеп мұғалімі биіктен құлаған.
Ол шамамен 4–5 метр биіктіктен құлаған.
Зардап шеккен —Семей. #49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев.
Жарақаты: Құлаған кезде ауыр бас-ми жарақатын алған, бас сүйегі зақымданғаны айтылды.
Бірнеше күн жансақтауда жатқан, оған операция жасалған.
Жаңа жылдық шыршаны безендіруге мәжбүрлеп шығарылған мұғалім 5 метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды. Бұл — жай ғана “оқыс оқиға” емес. Бұл — жүйелі мәселенің салдары.
Бүгін кейбір депутаттар “мұғалімдер қоғамдық іске араласуы керек” деп отыр. Бірақ бір сұрақ бар:
Қоғамдық іс деген не — ерікті таңдау ма, әлде мәжбүрлі еңбек пе?
Мұғалім — құрылысшы емес. Мұғалім — безендіруші емес. Мұғалім — әкімдіктің тегін жұмыс күші емес.
Мұғалім — білім беретін маман. Педагог мәртебесі туралы заң нақты не дейді?
Мұғалімді өз қызметіне қатысы жоқ жұмысқа тартуға тыйым салынады.
Ал біз не көрдік?
Заң аяққа тапталды.
Адам денсаулығынан айырылды.
Жауаптылар кейін ғана жазаланды.
Сонда да “мұғалімдер қоғамдық іске аралассын” дейміз бе?
Егер бұл шынымен ерікті болса — ешкім қарсы емес.
Ал егер бұл әкімдіктің тапсырмасы, директордың қысымы, “бармасаң болмайды” деген жүйе болса — бұл қоғамдық іс емес. Бұл — заң бұзу.
Мұғалімнің басты міндеті — сапалы білім беру.
Қалғанының бәрі — жүйенің әлсіздігін жабудың амалы.
Семейдегі жағдай — ескерту.
Оны елемеу — келесі құрбанды күту.Бұл реформа емес. Бұл — мұғалімді қайтадан “әмбебап жұмыс күшіне” айналдыру. Семейдегі жағдай — жай ғана мысал емес. Бұл — нақты ескерту.Сабақ беретін адамды биікке шығарып қойған жүйеге тағы да көбірек билік бергіміз келе ме?“Педагог мәртебесі туралы заң”- педагогты өз кәсібіне қатысы жоқ жұмыстардан қорғау үшін қабылданды. Яғни, идеяның өзі — мұғалімді әкімшілік қысымнан алыстату.
Семейдегі жағдай — теория емес, практикада не болатынын көрсетіп берді.
Жүйе әлсіз болса, заң орындалмаса — ең бірінші зардап шегетін де сол мұғалім"дейді Сәния Нүсіпәлі.