Мәжіліс депутаттары ұсынған келесі бір мәселе аудандық білім бөлімдерін әкімдік құзіретіне беру дегенге қатысты білікті ұстаз Өмір Шыныбекұлы нақты мысалдармен, өткір шындыққа толы пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz.
"Аудандық білім бөлімін жергілікті әкімге бағындырсақ – Дар-уль-Аманның қазақстандық нұсқасы қайталанады
Аманулла хан 1920-жылдары Кабулды Еуропаға айналдырғысы келді.
Дар-уль-Аман сарайын салды, қыздарды мектепке шақырды, пәренжені шешкізді. Бірақ реформаны «прогресс» емес, «билікке қауіп» деп қабылдаған жергілікті бай-батша, молда, тайпа көсемі үшін бұл – ғасырлық дәстүрін, ықпалын тартып алатын төңкеріс еді. Зәресі ұшқан олар 1929 жылғы көтеріліс жасап, сарай да, реформа да қирандыға айналды.
Қазақстанда аудандық білім бөлімдерін әкімге бағындыру – дәл сол Аманулла өткен жол. Тек қазір «бай-батшаның» орнында «әкімнің KPI-і» тұр.
Соңы неге әкеп соғады?
1. Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен салынған «Келешек» мектептері – сырты бүтін, іші қуыс декорацияға айналады
Әкімнің горизонты – 4 жыл. Сайлау, жол, су, есеп.
Мұғалімнің горизонты – 11 жыл. Азамат тәрбиелеу.
Білімді 4 жылдық циклге бағындырсаң, «Келешектің» заманауи ғимараты қалады. Бірақ ішіндегі сабақ «ашық сабақ» пен «тәрбие сағатының» фотоесебіне айналады.
2. Мұғалім – ұстаз емес, әкімнің «қызметшісіне» айналады
Аманулланың реформасы жергілікті элитаның зәресін ұшырды. Себебі орталық "біз қалай десек, солай болады" деп, жергілікті "шахтардың" билігін шектеп тастады..
Бізде де директор мен мұғалім «әкімдік не айтса, соны істеуге мәжбүр болса, кәсіби этика өледі. Бүгін – көше сыпыру. Ертең – сайлау учаскесі. Арғы күні – «идеологиялық форумға 30 мұғалім жібер».
Сапалы кадр жүйеден өзі кетеді, әкімнің дегеніне көнбегенін түрлі жолдармен кетіреді.
Қалатыны – бұйрық орындаушы.
Ал бұйрық орындаушы ұлт тәрбиелемейді.
3. 200 аудан – 200 «білім хандығы»
Аманулла Кабулда заң шығарды, бірақ ауылдағы хан оны өзінше бұрмалады. Себебі вертикаль емес, жергілікті тәртіп күшті болды.
Бізде де 200+ әкімнің «білімге көзқарасы» әртүрлі. Бірі – робототехника десе, екіншісі – «дәстүрлі құндылық» деп барлық үйірмені жабады.
Нәтижесінде баланың тағдыры туған жерінің пошта индексіне байланады. Бірыңғай ұлттық стандарт күйрейді. Бұл – ел ішіндегі білімдік сепаратизм.
4. Институт өлсе, сарай құлайды
Дар-уль-Аман неге қирандыға айналды?
Білімді жергілікті әкімге берсек, біз де «институтсыздық» қателігін қайталаймыз. Әр жаңа әкім келген сайын директор ауысады, бағдарлама өзгереді. 5 жылда 3 рет «жаңа бағыт» басталады. Институционалдық жады жоғалады. Ал жады жоқ жүйе – мәңгүрт жүйе.
5. Реакция заңдылығы: Бос орынды радикал толтырады
Реакционерлер Аманулла реформасын тоқтатқан соң халық «мемлекеттен» безді. Ортасы бос қалды.
Оны кім толтырды?
Радикалдар.
Бізде де мектеп әкімнің «науқандық кеңсесіне» айналса, ата-ана мемлекетке сенбейді. Баласын жекеменшікке, діни оқуға, шетелге береді.
Мемлекеттік мектептің беделі құласа, оның орнын «балама ағартушылар» басады. Олардың күн тәртібі қандай болатынын Ауғанстан 50 жыл бойы көрсетті.
Дар-уль-Аман – жай ғана қиранды емес, ескерту.
«Келешек» мектептері – біздің Дар-уль-Аманымыз.
Оны не 21 ғасырдың символы, не 21 ғасырдың қирандысы ету – қазіргі таңдауға байланысты", дейді Өмір Шыныбекұлы.