Самар ауылында бұрынғы күйеуінің шабуылынан кейін алты баланың анасы ауруханаға түсті. Жәбірленуші әлеуметтік желіде жағдайын айтып, құзырлы органдардан көмек сұрады деп жазады Democrat.kz.
Оқиға 25 шілде күні түс ауа болған. Әйелдің сөзінше, ол ауылдағы дәмханалардың бірінде жұмыс істеп жүргенде бұрынғы күйеуі келіп, бірден пышақ ала жүгірген.
«Ол маған бірнеше рет пышақ жарақатын салды. Мойныма пышақ тақаған кезде бар күшімді салып, қолын қағып жіберуге тырыстым. Сол сәтте ол құлағымның бір бөлігін кесіп үлгерді. Қазір ауруханада емделіп жатырмын», – дейді ол.
Жәбірленуші бұрынғы күйеуінің осыған дейін де бірнеше рет пышақпен қорқытқанын алға тартты. Өзінің және алты баласының өміріне қауіп төніп тұрғанын айтқан ол Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға үндеу жасап, істі ерекше бақылауға алуды өтінді.
Полиция не дейді?
Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Жәбірленушіге онымен кез келген байланысқа түсуге тыйым салатын қорғау нұсқамасы берілді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Департамент өкілдері тергеу барысы облыстық ПД басшылығының жеке бақылауында тұрғанын атап өтті.