Шымкентте автобус жолақысы 100 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін

Шымкентте автобус жолақысы 100 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін

Шымкент әкімдігі қоғамдық көліктегі жолақыны көтеруді жоспарлап отыр. Қазіргі 70 теңгелік тарифті сақтау бюджетке қосымша салмақ түсіріп жатқанын қала басшысы мәлімдеді. Жаңа баға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілуі мүмкін, деп жазады Democrat.kz.

Шымкентте қоғамдық көлік қызметінің құнын өзгерту мәселесі көтерілді.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, автобус жолақысын қазіргі деңгейде ұстап тұру барған сайын қиындап барады.

Бүгінде қала тұрғындары қоғамдық көлікте бір сапар үшін 70 теңге төлейді.

Алайда тасымалдаушылардың нақты шығындары бұдан жоғары. Жолаушылар төлейтін сома мен қызмет құнының арасындағы айырмашылық мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылады.

Әкімдік алдағы уақытта бұл қаржылық жүктемені азайтуды көздеп отыр.

Осыған байланысты жолақыны кемінде 100 теңгеге дейін көтеру ұсынылған.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жаңа тарифті 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отыр.

Дегенмен әлеуметтік жеңілдіктерді толық алып тастау қарастырылмаған.

Мектеп оқушылары үшін қоғамдық көлікте жүру тегін болып қала береді.

Сонымен қатар қарт адамдар мен жастарға арналған жеңілдіктерді сақтау жоспарланған.

Қала әкімі қоғамдық көлік жүйесіндегі тағы бір мәселеге назар аударды.

Оның айтуынша, кейбір жолаушылар жолақысын төлемегендіктен, тасымалдаушылардың электрондық жүйесіндегі деректер нақты жолаушылар санын көрсетпейді.

Мысалы, автобуста 100 адам болса, оның тек 50-і төлем жасаған жағдайда жүйе жарты жүктемені ғана тіркейді.

Бұл қоғамдық көлікке деген нақты сұранысты бағалауды қиындатады.

Әкімдік алдағы өзгерістерді тасымалдау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндіреді.

Әзірге 100 теңгелік жолақы жоспар ретінде жарияланды. 

 

Барлық жаңалықтар