Қазақстанда сиыр етінің орташа статистикалық бағасы бір келіге шамамен 3800 теңге болғанымен, Астананың кей базарларында ет 4500 теңгеге дейін сатылып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі өндіріс пен мал басының өсуіне сүйеніп, бағаның күрт секіруіне негіз жоқ деп отыр, деп жазады Democrat.kz.
Үкіметтегі брифингте вице-министр Назгүл Хатепова елдегі ет бағасына қатысты қазіргі жағдайды түсіндірді.
Ресми статистика бойынша республикадағы сиыр етінің орташа бағасы шамамен 3800 теңге.
Астанада баға сауда орнына қарай өзгереді. Министрлік жүргізетін мониторинг бойынша «Шапағат» базарында ет шамамен 3900 теңгеден сатылса, «Артемде» кей ұсыныстар 4500 теңгеге жетеді.
Сауда орындары мен еттің бөлігіне қарай бұдан да жоғары баға кездесуі мүмкін.
Министрлік алдағы кезеңде сиыр етінің күрт қымбаттауына объективті себеп көріп отырған жоқ.
Ведомство мұны биылғы сегіз айда өндіріс көлемінің және мал басының өсуімен түсіндірді.
Дегенмен нақты бөлшек баға өңірге, еттің бөлігіне, сауда орнына және жеткізу шығынына байланысты әртүрлі болып қала береді.