"Суық хабар жолды кесті": Ақын Бауыржан Халиолланың жоқтауы сай-сүйекті сырқыратты

"Суық хабар жолды кесті": Ақын Бауыржан Халиолланың жоқтауы сай-сүйекті сырқыратты

Танымал ақын Бауыржан Халиолла әлеуметтік желідегі парақшасында қаралы хабарды жеткізіп, өзінің қайғылы жағдайымен бөлісті деп жазады Democrat.kz.

"О, Құдайым-ай...
"Қостанайлық Салтанат ақын жұбайымен бірге жол апатына түсіпті. Қызының мектеп бітіріп, аттестат алу салтанатты шарасына келе жатып екеуі де көз жұмған"

Бұдан ауыр хабар болар ма?!
Ешқашан алға ұмтылмай, қарапайым ғана болмысыңмен тәнті қылушы ең ортаны. Сол үнсіз қалпыңда кете бардың, заты бөлек замандасым.
Жақында ғана, нақтырақ айтқанда екі апта бұрын айтыскерлер группасында туған күніңмен алғаш боп құттықтадым. Себебі үнемі елеусіз қалатын сені досың ретінде менен өзге ешкім елей қоймас деген көңілмен ниет білдіргенмін. Онда да кеш қарая. Себебі жұмыс, денсаулық деп жүріп телефон сол кезде ғана қолыма тиіп еді.

Енді міне, суыт ақпарат сумаң етіп жолды кескенін қарашы. Кей адамдар тыныш өзендей сабырмен ағып жүріп, алапат толқындай ажалмен бетпе-бет кеп, соңына өлімінің өзімен ғибрат тастап кетеді.

Аса қатты араласпасақ та арамызда өзгеше сыйластық бар еді. "Бауке" дегеннен артық сөзіңді естімеппін. Талай адам мені әртүрлі әңгімелеп, ағаш атқа мінгізіп жатқанда дос ретінде араша түскеніңді естіп риза болатынмын.

Мен де сен жайлы айтқан жылы сөзімді өзіңе айтпадым. Сен де маған айтпадың. Бірақ тілеулестер арқылы естіп; сыйласып жүретінбіз...
Қош, ақындықтан адамдықты биік қойған замандас!!!"деп жазды Бауыржан Халиолла. 

Ақынның бұл жоқтау жазбасы оқырмандарын бей-жай қалдырмады. "Иманды болсын", "қайғыңызға ортақпыз" деп жұрт пікір жазуда. 

Барлық жаңалықтар