Қоғам белсендісі, блогер Абзал Достияр танымал кәсіпкер Тұрсын Алагөзов пен оның әйелі Баян Алагөзова туралы жұрт білмейтін жайттарды айтып, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Тұрсын Алагөзов кәсіпкер емес!" деген Абзал Достияр осы сөзіне қатысты өзінің пікірін:
"Кешелі бері әлеуметтік желіде әншілерді келеке ету қарқынды түрде жүріп жатыр, ерінбегеннің бәрі іліп әкетіп ары қарай жалғастыруда.
“Ауыл” партиясына Мөлдір Әуелбекованы, “Республикаға” “Ирина Қайратовна” тобының әншісін, “Халықтық партияға” Тамара Асар мен Аша Матайды апарғандар дегендеріне жетіп марқайып отырғаны сөзсіз.
Әншілерді талағандардың көпшілігі сол әншілерді ойнатып отырған биліктегілерге қарап үн қата алмайды немесе сол биліктегілердің нұсқауымен әлгі әншілерді әжуалайды, бұқара халыққа лақтырып тастайды.
Жалпы биліктегі саяси технологтар мақсаттарына жетіп жатыр.
Мақсат демекші Баян Мақсатқызының айналасындағы шуды ұйымдастырғандар да солар еді.
Продюсер Баянның мойнында масыл болған Тұрсын Алагөзовтен сондай байлық, сондай жомарттық қайдан шықты деп ойлайсыздар?
Ия, Тұрсын бұрын да кәсіпкер болды, дүниесі болды, бірақ әйелі екеуі басқарған сусын шығаратын компаниясы ғана болды, оның өзін негізінен әйелі Ляйсира ептілігінің арқасында болған, тіпті жабылып қалудан аман алып қалған да сол Ляйсира.
Биліктің қолдауымен кәсібіне қайта қол жеткізген Алагөзов қанша тыраштанса да “Цесна” корпорациясын сатып алуға қаржысы жетпес еді.
Сондай ірі кәсіпорынды иемденіп, артынша 100 кісіге баспана сыйлау Тұрсынның өзінің ісі ме?
Жоооқ!
Ал одан соң өте ірі зауыт “Шымкентсыра” зауытын қалай сатып алды деп ойлайсыз?
Ол жаққа барып 50 кісіге пәтер сыйлай салған Тұрсын жаны жомарт жан ба?
Жооқ!
Баянның еңбекқорлығын, іскерлігін жақсы бағалаймын, қазақтың қабілетті қызы ретінде құрметтеймін. Бірақ соңғы 2-3 жылдағы Алагөзовтер отбасындағы жетістіктер өз күштерімен жасалып жатпағанын ел білуі тиіс. Кешегі Баянның басы дауға қалғандай болған қамзол мәселесі де алдын-ала жоспарланған дүние. Өткенде Динара Сәтжан дегеннің Тұрсын Алагөзовтің үлкен ұлымен жасаған сұқбаты да жалған. “Шымкентсыра” зауытына директор етіп қойған ұлын жарнамалау емес, ел алдында Тұрсын бұрынғы отбасымен араласады, үлгілі әке деген имидж қалыптастырудың амалы ғана. Ал былай Тұрсынның ол ұлы зауыт басқармақ тұрмақ, шағынмаркетке иелік ете алмайтын бөркемік.
Қысқасы былай.
Баян Мақсатқызы мен Тұрсын Алагөзовтің айналасындағы дау-дамай да, олардың жомарттығы да, барлығы-барлығы Астанадағы емен есіктің ар жағында сызылған дүние.
Қайрат Құдайберген, Бейбіт Әлібеков сияқты Тұрсын да қолдан жасалған байшыкештің образы ғана.
Қалтасына ақша салып, қымбат көлік мінгізіп қойғандардың қолбаласы.
Ертеңдері Алагөзовтердің бірі үлкен саясатқа араласып жатса таңқалмаңыздар!
Қазақта “Ит жоқта шошқа үреді” деген мақал бар.
Бүгінгі биліктегілер қазақтың арлан мінезді белсенді азаматтарын, журналистерді абақтыға айдап, аяғына тұсау салып , ал олардың орнына әнші-жыршыларды күштеп шығарып отыр.
Кезінде Роза Рымбаеваны да, атағы шығып тұрған Ермахан Ибраймовты да бірнеше рет “Отан” партиясы сайлау науқанына пайдаланған.
Ал қазір сол әншілерді дебатқа шақырып арзан абырой жинамақ шолақ белсенділердің ісі де оңбағандық.
Тірсегің шыдаса соларды ойнатып отырғандарды сына, міне, сойып сал, соларды шақыр дебатқа.
Ал сынай алмасаң екі ауыз сөзді құрап, мандытып ештеңе айта алмай тұрған әншілердің сықпытын көре тұра оларды сынап, халықты ақымақ көріп, абыройыңды арттырам десең арсыз болғаның!", - деп түйіндеді.