Мемлекет басшысы сөзінің басында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке қонақжайлығы мен саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштаға, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенге және Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларына көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға деген тұрақты ұстанымдары үшін ризашылығын жеткізді, деп хабарлайды democrat.kz.
Қазақстан Президенті жедел геосаяси өзгерістер мен жаһандық сын-қатерлер жағдайында өңіраралық әріптестікті кеңейтудің айрықша өзектілікке әрі стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев саммит қатысушыларына Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы өзара іс-қимылдың перспективалы күн тәртібіне қатысты өз көзқарасын ұсынды.
Мемлекет басшысы ең алдымен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға басымдық беру қажет деп санайды. Оның айтуынша, Қазақстан ЕО-ға 175 тауарлық позиция бойынша 2 млрд АҚШ долларынан асатын көлемде экспортты арттыруға дайын.
Осындай жобаларды қаржыландыру үшін Президент еуропалық компанияларды «Астана» халықаралық қаржы орталығының платформасын пайдалануға шақырды.
Сөз барысында ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде энергетика аталды.
– Қазақстан Еуропаға көмірсутектердің сенімді жеткізушісі болып қала береді. Еліміздің үлесіне Еуропалық одаққа импортталатын мұнайдың шамамен 13 пайызы тиесілі, оның негізгі бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады. Біз консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған ЕО-ның қолдауын жоғары бағалаймыз және сонымен қатар баламалы тасымал бағыттарын дамытып келеміз. Қазақстан жаңартылатын энергетика мен экологиялық таза отын саласындағы жобаларды іске асыруда. Жел және күн энергетикасының қуаттарын ұлғайтып, сондай-ақ Total, Eni, Svevind және басқа да еуропалық компаниялармен бірлесіп «жасыл» сутек өндіру жобаларын дамытып жатырмыз. Бұдан бөлек, Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжанмен бірге Каспий теңізі арқылы «жасыл» энергияны тасымалдайтын желі салу жөніндегі ауқымды жобаны қолға алуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның пікірінше, сирек кездесетін жер металдары саласындағы ынтымақтастық та стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Қазақстан Еуропалық одақ экономикасына қажетті 34 шикізат түрінің 19-ын өндіреді. Олардың қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және өзге де ресурстар бар. Сонымен бірге еліміз ЕҚДБ-мен бірлесіп геологиялық барлау жобаларын жүзеге асырып, тау-кен өнеркәсібінде озық әрі орнықты тәжірибелерді енгізіп келеді. Осы орайда Президент Астанада сирек кездесетін металдар жөніндегі Өңірлік зерттеу орталығын құруды ұсынды. Бұл орталық кәсіпорындар мен инвесторлар үшін кен орындары, технологиялар және оларды игеру туралы өзекті ақпарат көзі бола алады.
Мемлекет басшысы қажетті инфрақұрылым мен өңір елдерінің үйлестірілген іс-қимылы болған жағдайда Орталық Азия Шығыс пен Батыс арасындағы тиімді жеткізу тізбектерін қамтамасыз ететін өркендеген транзиттік торапқа айнала алатынын айтты. Өткен жылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы контейнерлік тасымал көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. 2027 жылға қарай жүк ағынын 10 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде орнықты көлік байланыстарын кеңейтуге ықпал ететін ЕО-ның Global Gateway стратегиясын қолдады.
Қазақстан декарбонизация бастамаларын белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Президенттің айтуынша, еліміз таза энергия өндірісінде маңызды рөл атқарып, әлемдік ядролық отын жеткізілімінің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етеді. Өткен жылы Қазақстанда климаттың өзгеруі және «жасыл» энергетика мәселелері жөніндегі Өңірлік жобалық офис құрылды.
Сөзінде Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға айрықша назар аударды.
– Қазақстан бұл салаларға белсенді инвестиция салып жатыр. Жыл басында елімізде Президент жанынан Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылды. 100 мың IT-маман даярлау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Астанада инновацияларды енгізуге, стартаптар құруға және зерттеулер жүргізуге ықпал ететін Alem.AI жоғары технологиялық орталығы ашылуда. Сонымен қатар жасанды интеллектіні жедел дамытуға арналған Венчурлық қор іске қосылды. Team Europe бастамасы арқылы Еуропалық одақ Орталық Азия елдеріне цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуда қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасуға дайын. Осыған байланысты Astana Hub базасында «Орталық Азия – Еуропалық одақ» инновациялық кампусын іске қосуды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ЕО-ның ғылым мен білім салаларында Қазақстан үшін әрдайым маңызды серіктес болып келгенін атап өтті.
– Біз Erasmus+, Horizon Europe және басқа да бастамалар аясында белсенді ынтымақтасып келеміз. Қазақстанда отыздан астам шетелдік университет филиалының ашылуы елде пайдалы академиялық білімнің таралуына ықпал етуде. Біз гранттар мен стипендияларды одан әрі алуға мүдделіміз, мұндай бағдарламалар бірқатар еуропалық елдермен бірлесіп іске асырылып жатыр. Жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, биотехнология және өзге де басым салаларға мамандар даярлауға бағытталған «Орталық Азияға арналған Erasmus+» бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз, – деп қосты Президент.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнықты дамудың негізгі факторы екенін айтты. Ол Қазақстанның теңгерімді сыртқы саясатқа, барлық мүдделі мемлекеттермен және негізгі ұйымдармен, соның ішінде ЕО-мен ынтымақтастықты кеңейтуге берік екенін атап өтті.
Жаһандық тұрақсыздықтың күшейгенін еске сала отырып, Президент әлемде болып жатқан күрделі оқиғаларды бағалауда сабыр мен жауапкершілік танытудың маңызын айтты. БҰҰ-ның 80 жылдығы қарсаңында ол барлық елдерді ұйым Жарғысын және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей мойындалған қағидаттарын сақтауға күш салуға, сондай-ақ Бас хатшы Антониу Гутерриштің қызметін қолдауға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Украина бойынша келіссөздер үдерісін қолдайтынын білдірді.
– Қазақстан қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуді әрдайым жақтайды, сондықтан Украина бойынша келіссөздердің басталуын құптаймыз және мәселенің күрделілігін толық түсіне отырып, оң нәтижеге үміт артамыз, – деді ол.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын құру бастамасын қолдағаны үшін іс-шара қатысушылары мен еуропалық серіктестерге алғыс айтты. Оның пікірінше, бұл орталық «2030 күн тәртібін» ілгерілетуге тиімді қызмет етіп, өңірдегі өзекті әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді.
Отырыс барысында сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Еуропалық кеңес Президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердымухамедов және Еуропалық қайта құру және даму банкінің Президенті Одиль Рено-Бассо сөз сөйледі.