Қазақстанда алғаш рет енгелі отырған вице-президент лауазымының нақты өкілеті мен міндеті белгілі болды. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев лауазымның нақты шекарасын айқындап берді, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты Ertenmedia.kz. -ке сілтеме жасап.
Жаңа заң жобасында президенттің мәртебесі, қызметке тағайындалу тәртібі, оның мерзімі мен өкілетіне қатысты ескі ережелер cақталыпты. Президент бір мәрте 7 жылға ғана сайланады.
Ұл-қызы, ағайын-туыстары саяси қызметке тағайындала алмайды және ешбір партияның сойылын соқпайды. Министрдің сөзінше, заң жобасында ерекше екпін берілген мәселе – вице-президент креслосы. Ол тек Тоқаевтың тапсырмасымен жұмыс істеп, оның мүддесін қорғайтын тұлға болады. Вице-президентті президент Құрылтай мақұлдауымен тағайындайды. Оның нақты өкілеттігін тек президент қана арнайы жарлықпен бекітеді. «Вице-президенттің негізгі миссиясы мемлекеттің тұрақты басқарылуын, билік сабақтастығын және саяси жүйенің өміршеңдігін қамтамасыз ету. Ол тек президент тапсырмасымен шектелмей, мемлекетті басқару ісінде де нақты міндеттерді өз мойнына артады», – деді министр Сәрсембаев.
Құжаттағы тағы бір тосын деталь, президент (қазіргі жағдайда Тоқаев, ред.) қандай да бір себеппен орынтағын босатса, вице-президент оның соңынан ілеспейді, өз орнында қала береді.
«Вице-президент саяси жүйенің икемділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Егер президент қызметтен кетсе, вице-президент билік сабақтастығын сақтап, елдегі аласапыранның алдын алады. Демек, президентпен бірге қызметтен кетпейді», – деп нақтылады ол.
Заң жобасында президенттің Құрылтайға қатысты ықпалы да нақты шегеленіпті. Мемлекет басшысы Құрылтай құрамын бекітіп, ұйымдастыру құрылымын өзі анықтайды.
Сонымен қатар, Құрылтай уақытша жұмыс істемесе заң немесе конституциялық заң күші бар жарлық шығаруға құқылы болады. Министр Сәрсембаев Мәжілістегі қауымды жаңа Конституциялық заң жобасын қос қолдап қолдауға шақырып отыр.