«Детская травма» банктен басталады", деген қоғам белсендісі Бауыржан Мұқанов балалардың банктік есепшоттары бұғатталып жатқан мәселе туралы жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Қазақстанда ата-анасының несиесі үшін 18 жасқа толмаған баланың картасын да банк бұғаттайды. Елде балаларға карта ашатын банктер де көп емес өзі, ойыңызға келген банк болса, иә сол.
Бала борышкер емес, ол келісімшартқа қол қоймаған. Бала – кепілгер емес. Бірақ карта бұғатталады.
Ал әлемдік тәжірибеде қалай?
АҚШ-та кәмелетке толмағандардың шоттары ата-анасының бақылауында болғанымен, заң жүзінде ол – баланың мүлкі. Ата-ананың жеке қарызы үшін автоматты түрде бұғатталмайды.
Еуропада сот шешімі тек нақты борышкерге қатысты қолданылады. Баланың жеке шотына санкция салу – құқықтық принципке қайшы.Ұлыбританияда балалардың жинақ шоттары «trust» форматында ашылады. Яғни, ол қаражат ата-ананың қарызына жатпайды.
Негізгі қағида қарапайым: Қарыз – жеке жауапкершілік.
Бала алғаш рет банктік жүйемен танысады. Картасы бар екенін мақтан тұтады. Бір күні карта жұмыс істемей қалады. Себеп — ата-анасының қарызы.Міне, «детская травма» осындай жерден басталады. Банк те, мемлекет те балаға нақты сигнал береді: «Сен кінәлі емессің, бірақ жауап бересің».
Біреудің табысын біреуге таратып, біреудің жауапкерлілігін біреуге артып, былықтырғанды жақсы көретін біздің демагог депутаттар мен делитант мемқызметкер бұндай проблеманың бар екенін де білмейтін шығар.
Мүмкін бұл мәселе статистикада көрінбейтін шығар? Мүмкін бұл «техникалық процесс» деп қаралатын шығар?
Бұл менің отбасымдағы мәселе емес, бірақ осындай жағдай көп баланың басында бар екенін білемін.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Балалар омбудсмені, Тұтынушылар құқығын қорғаушыларды белгілей кетерсіздер, мәселені назарға алуларыңызды сұраймын", деп жазды Бауыржан Мұқанов.
Қоғам белсендісінің бұл жазбасына жұрт "қарызы үшін адамның туыстарын қойып, құдаларына да хабарласатындар бар" дегенге саятын пікір жазуда.