Ұлытау облысы Қазақстан өңірлері арасында жалақы деңгейі бойынша көш бастады

Ұлытау облысы Қазақстан өңірлері арасында жалақы деңгейі бойынша көш бастады

2026 жылғы I тоқсанның қорытындысы бойынша облыстағы орташа айлық жалақы 637,3 мың теңгеге жетті. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 43,2%-ға жоғары деп жазады Democrat.kz.

Ұлттық статистика бюросы 2026 жылдың I тоқсанындағы жалдамалы қызметкерлердің (кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды қоса алғанда) жалақы деңгейі туралы деректерді жариялады. Статистикалық мәліметке сәйкес, Ұлытау облысы орташа айлық жалақы көлемі бойынша Қазақстан өңірлері арасында бірінші орынға шықты.

Қаңтар–наурыз айларында өңірдегі орташа жалақы 637,3 мың теңгені құрады. Бұл республика бойынша 445,1 мың теңгені құрайтын орташа көрсеткіштен 192,3 мың теңгеге немесе 43,2%-ға жоғары.

Жалақы деңгейі бойынша келесі жоғары көрсеткіштер Атырау мен Маңғыстау облыстарында тіркелді – тиісінше 610,1 мың және 608,4 мың теңге. Одан кейінгі орындарда 559,9 мың теңге көрсеткішімен Астана қаласы және 551,6 мың теңгемен Алматы қаласы тұр. Осылайша Ұлытау облысы жалақы деңгейі бойынша өзге өнеркәсіптік өңірлерді ғана емес, елдің ірі қалаларын да басып озды.

Өңірдегі еңбекақы деңгейінің жоғары болуы көп жағдайда облыстың өнеркәсіптік бағыт-бағдарымен байланысты. Ұлытау экономикасының негізі саналатын тау-кен металлургия кешені білікті кадрларға тұрақты сұранысты қалыптастырып, қызметкерлерге өзге салалармен салыстырғанда жоғары жалақы ұсынады.

Өңір экономикасы мен жұмыспен қамту саласында «Қазақмыс» компаниялар Тобы маңызды рөл атқарады. Ол – облыстағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі. Топ кәсіпорындары Ұлытау тұрғындарын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, өндіріс көлемін дамытуда, сондай-ақ қолданыстағы нысандарды жаңғырту жобаларын жүзеге асыруда.

Барлық жаңалықтар