13 жасар бала дәрігерлердің салғырттығынан ажал құшты ма?
Қарағандыда тұмауратып, кейін қайтыс болған 13 жастағы оқушының жақындары бала өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Себебі, қызуы көтерілген балаға бір емес, екі рет келген жедел жәрдем қызметі дұрыс ем-дом жасамаған дейді.
Қанша сұранса да, ауруханаға әкетуден бас тартқан. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қол-аяғы көгеріп, тынысы тарылғанда ғана келген үшінші бригада шұғыл түрде баланы жансақтау бөліміне жеткізеді.
Бірақ ондағылар науқастың өміріне араша түсе алмапты. Марқұмның жақындары полицияға арызданып, құзырлы орындар тексере бастады.
13 жастағы Дамир Болымбаев бала кезінен спортқа жақын. Дзю-до, джиу-джитсуға қатысқан. Оқу озаты. Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыған.
Өткен аптаның сейсенбісінде қызуы көтеріліп сабақтан қалыпты. Үйге шақырылған дәрігер тұмаудың дәрілерін жазып берген. Бірақ баланың беті бері қарамапты. Ақыры жедел жәрдем көмегіне жүгініпті.
«Тек қызуы көтеріліп тұрған, кейін аяқ-қолы тартыла бастады. Фельдшерге өзін өте жайсыз сезініп тұрғанын айтқан. Ал дәрігер ол сабаққа бармау үшін әдейі істеп жатқанын, мұны әшейін психосоматика деп, оған сенбеген. Дәрілерді жазып берді де, кетіп қалады», — дейді Дамирдің әпкесі Әлия Болымбаева.
Баланың жақындары жағдай өзгермеген соң, көмекті екінші рет шақырғанда да тағы сол бригада келген.
«Анасы баланың суып кеткен қол-аяғын көрсетіп, қанша шырылдаса да, дәрігер мән бермеді. Қолының ісіп кеткенін көрсеткен. Дәрігер «қоймадыңдар ғой» деген кейіпте, спазмолитик егіпті. Содан кейін күтіп, баланың жағдайын сәл бақылаудың орнына, өздеріне сөйлеп, жиналып, кетіп қалады. Сол екпеден кейін баланың жағдай күрт нашарлаған. Көзі аларып, тынысы тарылған», — дейдіДамирдің нағашы апасы Анна Пфайфер.
Үшінші рет келген жедел жәрдем Дамирді шалажансар күйде жансақтау бөліміне бірден әкетіпті. Бірақ әлсіреген бала демі сол жерде үзілген.
Денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлер тарапынан кемшіліктер болағанын жасырмайды. Медициналық қызмет сапасын бақылау департаменті тексеріс бастады. Қаралы отбасы қыршын кеткен баласын ақтық сапарға аттандырып, полицияға арыз түсірді.