Айда ғылыми зерттеу базамыз болады

0
235

Қазақстан мен Қытай Айда ғылыми-зерттеу базасын бірлесіп салу туралы уағдаласты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі сүйінші ақпарат жариялады.

«Биыл шілде айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қытаймен Айда бірлескен ғылыми-зерттеу базасын салу туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандумның негізгі мақсаты – халықаралық ғылыми ай станциясын құру және пайдалану үдерісіндегі ынтымақтастық», — делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, келісім бірлескен зерттеуді, тәжірибе мен білім алмасуды, сондай-ақ ғарыштық технологиялар мен ғылым саласындағы кооперацияны дамытуды қамтиды.

«Қазақстан отандық айналмалы телескопты әзірлеу мен іске қосуды, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді және жаңа технологияларды әзірлеуге қатысуды қоса алғанда, ғылыми-зерттеу базасын салу жөніндегі жобаны іске асыруға елеулі үлес қосуды жоспарлап отыр. Қазақстанның үлесі ғылыми-техникалық инфрақұрылымды нығайтуды және қытайлық мамандармен тәжірибе алмасуды да қамтиды», — деп атап өтті ведомство.

Фото интернеттен алынды.