«Айка тізімінің» иесі 6,5 жылға сотталды
Алматыда блогер Айғаным Мырзахметованың (Айка) ісі бойынша апелляциялық сот отырысы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айыпталушы Айғаным Мырзахметова бірінші сатыдағы соттың үкімімен алты жарым жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сотталушы сот шешіміне шағымданды. Алайда апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сот отырысы жабық форматта, бұқаралық ақпарат құралдарынсыз өткен.
Алғашқы сот процесі де баспасөзге жабық өткен. Сотта Айкадан басқа осы іс бойынша айыпталған Нұрбол Теңізбаев есімді азамат та болған.
Айғаным Мырзахметова 6,5 жылға, екінші айыпталушы 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Еске салсақ, 2023 жылы желіде Алматыда элиталық эскорт қызметін көрсеткен қыздар мен олардың клиенттері туралы ақпарат бар тізім тараған еді. Тізім “Айка” лақапатымен танымал блогердің телефон кітапшасы негізінде дайындалғаны хабарланды.