Айжан Есмағамбетова қызметінен кетті

0
181

Айжан Есмағамбетова денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қызметінен босатылды. Бұл туралы үкіметтің ресми сайтында хабарланды.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Айжан Серікбайқызы Есмағамбетова басқа жұмысқа ауысуына байланысты денсаулық сақтау вице-министрі — Қазақстанның бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қызметінен босатылды.

Айжан Есмағамбетова 1972 жылы Алматы облысында туған. 1997 жылы Алматы мемлекеттік медицина университетін, Қазақстан медицина университетін (Қоғамдық денсаулық сақтау Жоғары мектебі), Алматы менеджмент университетін бітірген.

Еңбек жолын 1990 жылы Алматы қаласындағы №7 емханада фельдшер-зертханашы болып бастаған. 1997-2004 жылдары республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының аса қауіпті инфекциялар бөлімінде дәрігер-эпидемиолог, дәрігер-бактериолог, зертхана меңгерушісі болған.

2004-2014 жылдары ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің құрылымында түрлі лауазымдар атқарған. 2014 жылы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің орынбасары;

2014-2017 жылдары ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы; 2017 жылы ДСМ Стратегиялық даму және қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры;

2017-2020 жылдары Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры;

2020 жылы ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары, 2020 жылғы қазаннан 2022 жылға дейін төрағасы қызметін атқарған.

Ал 2022 жылғы ақпанда денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитариялық дәрігері болып тағайындалды.