Ақ орамалымыз — харамға, хиджаб- халалға айналғаны ма?
Кейінгі кезде ‘орамалға келдім’ деген жиіркенішті сөз пайда бола бастады. Көбіне әншілер, яғни өнер жұлдыздарының хиджап киерде осылай қыңқылдай бастайтыны әдетке айналды.
Айнұр Тұрсынбаева, Индира Расылхан, Маденова дегендер, кейбірінің аттары есіме түспей тұр.
Енді, міне Қарақат қосылды.
Мен бұрын ойлайтынмын, өздері қазақ бола тұра бұлар орамалға келдім деп неге айтады, онсыз да келін болып түскенде бастарына ақ орамал салған жоқ па? — деп.
Сөйтсек, әңгіме басқада екен. Бұл салафиттердің қыздарды хиджап киюге тартудың тәсіліне айнала бастаған.
Себебі, ‘хиджап десек қазақ жақтырмайды , жұмсартып орамал деп айтқанымыз жөн’ деген ойлары болса керек. Қазақша айтқанда, сыналап кіру саясаты.
Кеше, Меккеге барып қайтқан Қыдырәлі Болманның әйелі Қарақат сүйінші сұрағандай, әлеуметтік желіні шулатып: «мен орамалға келдім»- деп жар салды.
Бұл не сөз? Байға тигенде барған жері оған да ақ орамал салған жоқ па?
Ендігісі не?
Орамалды үндемей тарта беруге болмай ма? Қазіргі қазақ келіндері тойда аппақ орамалмен, қазақы кәжекеймен шыға келгенде сұлулықтарына көзің тоймайды. Ешқайсысы орамалға келдік деп айқайлап жүрген жоқ қой.
Әрине, бұлардың ойы қазақ қыздарын жаппай хиджапқа үндеу.
Келін болған кезде қазақтың дәстүр-салты бойынша басына салынған қасиетті ақ орамалды олар орамал деп есептемейді.
Өйткені ол — харам.
Орамал олар үшін — хиджап.
Қазақ дәстүрін аяқ асты етіп, араптандыру саясатына үлес қосу деген осы.
Қыдырәлінің әсіре діншілдердің сойылын соғатынын еміс-еміс құлағымыз шалатын. Қысқасы, өнер жұлдыздары деп жүргендеріміз салафизм жұлдыздарына айналып бара жатқандай.
Билігіміз не ойлайды? Өзіміздің дәстүр-салтымызды неге осылай насихаттамаймыз? Жоспарлы түрде, салафиттер саясатын тапап өтетін үлкен ұлттық іс-шараларды ұйымдастыруға не кедергі?..
Жоламан МЫРЗАБЕК, қоғам белсендісі.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.