«Ақпарат» атты дін пайда болды: Ал біз оның басты құрбандарымыз

0
14

Соңғы кезде жаңалық оқудан шаршап кеттім. Ақпарат кәдімгідей діннің функциясын атқара бастаған секілді… Ақпараттық тасқынның алдында толық тізе бүккендейміз. Таңғы дұғамыз телефонды ашып қарау, кешкі құлшылығымыз Тиктоктың таспасын тоқтаусыз парақтау.

Осыдан он жыл бұрын өмірдің мәнін мифологиядан, діннен, философиядан іздейтін едім, қазір бұлардың орнын ақпарат басты.

Ақпараттың «пайғамбарлары» журналистер, блогерлер, инфлюенсерлер тағы кімдер бар еді. Олар бізге қалай өмір сүру керектігін үйретеді, денің дұрыс, ненің бұрыс екенін айқындайды. Біз олардың жетегіне ереміз, күмән келтірместен қабылдаймыз, таратамыз, бөлісеміз.

Ақпараттың «қасиетті мәтіндері» жаңалықтар, стористер, посттар… Бұларды ешқашан толық тауыса алмаймыз-ау. Күн сайын жаңа мәтін, жаңа ақпарат алдыңнан кесе көлденең шыға береді, шыға береді.

Ақпарат діні бізден «құрбандықты» талап етіп жатыр. Уақытымызды, назарымызды, тіпті жан тыныштығымызды ұрлауда.

Ақпарат көп, бәрін естіген, бәрін білетін секілдіміз, бірақ ішіміздегі бос кеңістік күн санап ұлғайып барады. Рухани ашпыз. Адамның миы тыныштықты, бос кеңістікті жоғалтқанда, шығармашылық та өледі екен ғой.

Бәрін білген сайын ештеңеге сенбейтін, бәрін көрген сайын ештеңеге таңғалмайтын биороботқа айналып кеткен секілдіміз.

Бұл феноменнің «ақпараттық нейроз» дейтін ғылыми термині бар екен. Біз осы нейрозбен ауырған алғашқы буынбыз.

Думан БЫҚАЙ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.