Ақтық сапарға аттандырудың да мәдениеті болуы керек
Біраз азаматтан естіген едім, «Қазақстанның шөбін көрсең жегің келеді, моласын көрсең өлгің келеді» деген сөзді. Яғни, зират басын көтеруде қоғамда ысырапшылдық бар дегені ғой.
Онысы рас енді. Кей ауылға қарағанда, ауылдың жанындағы моласы әлдеқайда әдемі ма дедім. Себебі моланы кесене етіп салатындар бар. Зәулім етіп көтеріп, қымбат құлпытастар қоятындар көп.
Алматыдағы зиратқа барсаң, бір бөлмелі пәтерден құны қымбат зираттар бар. Зират емес, миникесене дерсің. Осылай салу қаншалықты дұрыс? Ортақ бір стандарт керек деп ойлаймын. Біраз елден көрдім, зираттары стандартқа сай көбінің. Біркелкі.
Енді бұл бір мәселе. Ал енді екінші мәселені айтайын. Бүгін біраз сайтта «Көз жұмған белгілі азаматтарды театрдан, концерт залдарынан ақтық сапарға шығарып салу қаншалықты дұрыс» деген мәселе көтеріліпті. Дұрыс көтерілген сұрақ. Осыған бес тиынымды қоса кетейін.
«Асарымды асадым, жасарымды жасадым, енді жақында Жаратқаннан бұйрық келіп, алда-жалда жалғаннан кетіп жатсам, мені кернейлетіп-сырнайлатып зәулім залдан шығарып салыңдар» деп қолқа салып, әкімдікке баратындардың саны көбейген дейді ұзынқұлақ.
Өздері бара алмаса, ұрпақтары барып, сондай қолқа салады екен. Бұл қаншалықты дұрыс? Театрдан, зәулім концерт залынан шығару деген сол советтің сарқыншағы сияқты. Әйтпесе қазақтың наным-сенімінде, діні мен салтында мұндай болмаған-ау.
Ленин өлген кезде, Мәскеудегі Кеңестер үйіне әкеліп, денесін қойған. Қара құрым халық бірнеше күн қоштасқан. Тура сол жерден кейін қанішер Сталиннің де мүрдесі шығарылды. Кеңестер үйіне денесі әкелінді.
Ел 4-5 күн қоштасты. Жылады, сықтады. Сталинді жерлейтін күні халықтың көп болғаны соншалық, бірін-бірі таптап, жүздеген адам өлді.
Одан кейін КСРО-да танымал тұлғалар, саясаткер, қоғам, мәдениет, спорт, әскери сала қайраткерлері ірі залдар мен театрлардан ақтық сапарға шығарылып отырылды.
Дін мен салтқа тыйым салынып, партиялық жарлықпен ғана жүретін кезде енгізілген еді. Қазіргі қалыптасқан сол әдет сияқты біздегі. Анығы содан қалып қойған.
Әлбетте, ірі залдардан тұлғаларды ақтық сапарға шығарып салу бар тәжірибе. Жан Поль Бельмондоны әйгілі музыкамен қалай шығарып салғаны ел есінде.
Сол сияқты өзімізде Ескендір Хасанғалиев атамызды әйгілі «Атамекен» әнімен ақтық сапарға шығарып салды. Бірақ Ескендір атамызды қателеспесем театрдан емес, үйінен шығарып салды-ау. Өйткені коронавирус кезі еді ғой.
Қазақта ақтық сапарға үйінен шығарып салады негізі. Молданы шақырып, дұғасын оқып. Мешіттен де шығаруға болады дегенді айтып жүр, бірақ өзім көрмеппін.
Христиан дініндегілер шіркеуден шығарып салатын сәттер бар. Бұл енді сенімге байланысты ғой. Менің ойымша да дұрысы сол сияқты.
Не үйінен, не діни сеніміне сай діни орталықтан ақтық сапарға шығару дұрыс. Жеке ойым. Театр, концерт залы деген ондайға келмейтін сияқты.
Әйтпесе кей азамат «ана азаматты анандай театрдан ақтық сапарға шығарып салды, кейін мен өлгенде мені де сол театрдан шығарыңдар» деп айтады.
Ондайлар көп дейді. Ірі қалалардың бәрінде бар шығар. Рас болса масқара жағдай. Сол баяғы бәсекелестік. Өліп бара жатқан сәтте де сол қалмайтын бос, мәнсіз бәсекелестік қой.
Ел есінде үйіңнен мүрдең шықты ма, театрдан шықты ма, ол жағы қалмайды. Елдің есінде істеген ісі қалады ғой.
Жалпы жерлеуге қатысты стандарт болғаны дұрыс сияқты. Стандартты зират, стандартты жерлеу рәсімі (үйден не діни орталықтан) дегендей.
Әйтпесе жерлеуді де бәсеке етіп жібердік. Жеке ой, келісу-келіспеу өз құқығыңыз.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, сарапшы.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.