Әлем Қазақстанды “Димаш, Иманбек, Астана” деп таниды

0
215

Шетелге барған сәтте, сол жақтың халқы әдетте «қай жақтансың» деп сұрап жатады. Дүкенде, демалыс орнында, қоғамдық көлікте сондай бір диалогтар болып қалады.

«Қазақстаннан келдім» дейсің. Артынша олар Қазақстан жайлы айта бастайды. Айтқанда не білетінін белгілі есімдермен, сөздермен жеткізіп жатады.

Пхукетте манго алып тұрып, бір туристпен сөйлесіп қалдым. Ол Германиядан екен. Қазақстаннан келгенімді айтсам, «Оо, Астана, Головкин» дейді. Яғни Қазақстанды осы сөздер арқылы сипаттап тұр.

«Жұмсақ күш» дегеніміз осы ғой. Мәдени тұрғыдан өз еліңді таныту үлгісі. Қазір бұл трендке айналып кеткен. Тіпті арнайы рейтингі де жасалады. Мысалы 2023 жылы Қазақстан әлгі «жұмсақ күшті» есептейтін рейтингте 79-орынға жайғасыпты, 2022-де 88 орында еді. 2024-те 70-ке жайғасып қалсақ жаман емес еді. Global Soft Power Index деп қарасаңыз болады. Әр жылдардың рейтингін көре аласыз.

Бұдан бөлек National Brand Ranking деген көрсеткіші бар. Ол жақта Қазақстан 47-орында тұр. Орталық Азияда бұл рейтингте бізге жақыны өзағаңдар екен, олар 57-орынға жайғасқан.

Қазақстан ұзақ жылдар бойы дипломатиялық алаң ретінде өзін ұсынуда. Армения-Әзербайжан арасындағы келіссөзді жақында өткіздік. Сирия бойынша «Астана процесі» деген бар.

Әлемдегі қақтығыстарда келіссөз алаңын ұсынушы елге айналды. Біздің цифровизацияға Ресейден келгендер шок болды. ЭЦП, Каспи қосымшасына ауыздары ашылып жүрді. Сол жайында айтып, видео түсірді. Рейтингте бұның бәрі ескеріледі.

Global Soft Power Index рейтингінде алға жылжуымызда Димаштың рөлі жоғары дейтін едім. Еуропа елдері, Қытай, оңтүстік-шығыс Азия және басқа аймақтарда Димаш арқылы Қазақстанды танитындар саны артуда.

Димаштың бір концертіне әлемнің кемі 50 елінен көрермендер мен жанкүйерлері жиналады. Ол концертте Димаш домбыра шертеді, Қазақтың туын алып шығады, қазақ ұлттық әндерін де шырқайды. Яғни, қазақтың мәдениеті арқылы Қазақстанды насихаттайды.

Ол концерттен алған әсерін жанкүйерлер әлеуметтік желіге салады, достарына айтады. Сөйтіп бұл тізбекті реакция болып кете береді. Міне, «жұмсақ күш» дегеніміз осы. Тамаша ғой.

Одан бөлек Иманбек бар. Грэмми алғанда күллі ТМД шу етті ғой. Біреуі қуанды, біреуі қызғанды. Юрий Лоза сияқтылар шіріп кеткен «плотында» отырып, әңгіме айтқан еді. Грэммиді Иманбек алды, лайықты негізде алды.

Қазір ол әлем жұлдыздарына әуен әрлеп жүр. Бұл да жұмсақ күш. АҚШ-та, Еуропада Roses-ті тыңдап отырып, «йоу, чувак, Иманбек Қазақстаннан екен ғой» деп диалог құрып, артынша Қазақстан жайлы ақпарат іздеп оқыған адамдардың болғанына күмәнім жоқ. Бұл да жұмсақ күш.

Тик-Токта қазақтың әндерімен видео түсіріп жатқандар да көп. Басқа елдің азаматтарын айтамын. Ол да түсінгенге жұмсақ күш. Соңғы жылдары Қазақстанның YouTube сериалдары жарып тұр. Млндаған қаралым жинауда. Астына жазылған пікірлерді қарап шығыңызшы.

«Қазақтар әдемі түсіреді», «керемет сериал», «тек қазақтардың сериалын көретін болдым» дейтіндер көп. Пікірлердің басым бөлігі посткеңестік елдерден. Оқып отырып, өзім түсіргендей, өзім сценарийін жазғандай қуанып қаламын. Бұл нағыз жұмсақ күш.

Басқа-басқа, осы бағыттарды жалғастыру керек. «Қазақстанды танығаннан не өзгереді, не пайда» деуіңіз мүмкін. Өзім де солай ойлайтынмын. Қазір тереңнен ойласам әлем Қазақстанды «Борат» фильмі деп танымай, «Димаш, Иманбек, Астана» деп танығаны әлдеқайда дұрыс екенін түсіндім.

Екінші жағынан бұл жаңа мүмкіндіктерді де аша түседі. Мысалы туризм саласына қатысты. Димаштың концертіне келгендер, Қазақстанға кемі бір 150-200 мыңын тастап кетеді ғой. Аузы бар, тамақ ішеді дегендей)

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.