Алматы әуежайында күдіктіні ұстаған азаматтың кім екені анықталды

0
206

Әуежайда күдікті қызметкерді шашынан ұстап, пышақпен қорқытқан. Сол сәтте куәгерлердің арасында 52 жастағы Мұса Әбдірайым да болған. Ол күдіктіге қызметкердің орнына өзін кепілге алуды сұраған. Осылайша ол ер адамды қолға түсірген. Күдіктіні ұстаған ер адамның есімі Мұса Әбдірайым, 1973 жылы туған. Бес баланың әкесі. Ол әуежайға туыстарын шығарып салу үшін барған екен. Сосын аталған жағдайдың куәсі болған.

Ер адам бұрын спортшы болғанын, тай боксымен және басқа да жекпе-жек түрлерімен айналысқанын айтты. Сол үшін де бойында қорқыныш болмаған.

«Мен жаңа ғана досымды шығарып салдым. Сол сәтте бір ер адамның қызға шабуыл жасағанын көрдім. Өзім үшін емес, тек сол үшін қорықтым», – дейді ол.

Әбдірайым еш ойланбастан өзін кепілге ұсынып, кейін жанжалға кіріседі. Ол шабуылдаушының пышағын тартып алып, оны жерге құлатып, ұстауға көмектесті.

«Полиция телефон соғып, рақметін айтты. «Телефонға көп қоңырау келіп, жарылғалы тұр», – деді ол.

Ер адам мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын айтты. Сондай-ақ бұл жағдайдан ешкім зардап шекпегеніне қуанатынын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін пышақ ұстаған ер адамның Алматы әуежайының қызметкерін кепілге алғаны туралы хабарлаған едік. Желіде оқиға орнынан видео пайда болған. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адамның қыздың шашынан тартып ұстап алғанын байқауға болады.

Кейіннен қызметкерге пышақпан шабуылдаған күдіктінің кім екені анықталған. Тоқаев Алматы әуежайында күдіктіні ұстаған адамды мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырған.