Алматы әуежайындағы жағдай жасанды қойылым емес

Ешкіні апа, текені жезде дейтін заман келді. Алаяқтарға құдайдай сеніп, бар ақшамызды бере саламыз. Ал, адам өміріне араша түсіп, басын бәйгеге тіккендерге күдікпен қараймыз. Өз көзімізге өзіміз сенбейміз. Бірақ құлақпен естігенге есіміз кетіп еліреміз.
Мәселен, Алматы әуежайындағы оқиғаны “қойылым” деп бетбақтырмайтындар бар. Пышақ ұстаған күдікті қыздың шашынан тартып, шырқыратып, құлындаған дауысын шығарды. Сонда да селт етпедік.
“Сәтті болған қойылым”-деп қасарыстық. Көп ұзамай қырағы жұрт сол күдіктінің бір жыл бұрын автобуста бір әйелді ұрып жатқан видеосын тауып әкелді.
Осы әрекеті үшін ол бір жылға шартты түрде сотталған деп полиция да растап берді. Бірақ әлгі сыңарезу топ, “бұл органдардың крючогында жүрген адам” деп тағы да сенбей отыр.
Әуежайдағы күдікті енді адамды кепілге алғаны үшін сотталады. Заңды білетіндер кемі жеті жыл арқалауы мүмкін деп отыр.
Сонда, “биліктің қойылымы” үшін сіз сотталуға дайынсыз ба? Кім мұндай келісімге барады? Бәрін білгіштер неге осы жағын ойламайды екен?
Ал, бір сәтте батырға айналған Мұса Әбдірайымовтың әрекеті ерлікке тең. Мұндай батылдыққа екінің бірі бара бермейді.
Түлкіден дін үйренсең, тауық ұрлау сауап болып саналады дейді қазақ. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмайтын аласапыранға тап болдық-ау?!
Айтпақшы күдікті екі айға қамауға алынып, үш бірдей баппен іс қозғалыпты. Яғни, кепілге адам алу, суық қару ұстау және жалған терракт туралы хабарлау.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі осы оқиғадан кейін еліміздегі барлық әуежайлардың қауіпсіздігін тексермекші.
Диас НҰРАҚЫН, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.