Әмеңгерліктен қашқан Ақерке айдаладағы вагонды паналаған
Алматы облысы Қонаев қаласында бір үйдің 12-13 жастағы екі қызы өмірі мектеп табалдырығын аттамаған. Бұған не себеп? Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Қыздардың анасы Ақерке Баймаханбетова жасы елуді алқымдаған ана. Алты қызы бар.
«Бірінші күйеуіммен ажырасып кеткенмін, одан төрт қызым бар, олардың барлығы тұрмысқа шығып кеткен. Сосын екінші рет Шымкенттің азаматымен тұрмыс құрдым, ол күйеуімнен екі қызым бар. Екінші қызымды жаңа босанғанда күйеуім қайтыс болды. Қайын жұртым мені әмеңгерлік салтымен қайныма қоспақ болды, бірақ 1 жастан жаңа асқан және жаңа туған екі қызымды алып, қайын жұртымнан қашып кеттім», — дейді Ақерке Баймаханбетова.
Сол қашқан күйі Алматыға келіп, фазендада жұмыс істейді.
«Он шақты фазендада жұмыс істедім. Не үйім, не күйім жоқ, әйтеуір басыма баспана мен тамақ берсе болды деп, не жұмысқа салса да, істей бердім. Он шақты қожайынның тек біреуі ғана мейірімді болды, қалғаны ұратын-соғатын. Арасында имам адам да болды, ол да жұмысын істетіп алып ақша төлемеді», — дейді ана.
Екі қызын атқа мінгестіріп, қой да, жылқы да баққан.
«Бір фазендада жүргенімде қожайын мен бір топ ер адам келіп, ішімдік ішті. Содан қыздарымды жетектеп қаштым. Сол кезде қыздардың туу туралы бір парақ құжаттары сол үйде қалды. Сол күйі құжатсызбыз. Талай жерден соққы жедім, 18 шақырым жерді қыздарымды жетектеп жаяу жүрген де кездерім болды. Бір қожайын машинамен қуып кеп мені ұрып, пакеттерімнің бәрін жыртып, шашып лақтырған да кез болды», — дейді Ақерке Баймахамбетова.
Ақерке елсіз-жерсіз жерде суық вагонда тұрып та күн көрген. Туған бауырлары бар, бірақ біреуіне да жағдайын айтып, нан сұрамаған.
«2021 жылы фазенданы қойдым. Бір жыл Ұзынағашта таныс бір қыздың үйінде тұрдым. Белімде грыжа болып, орнымнан тұра алмай жаттым. Сосын өзімді қинап орнымнан тұрдым. Бір күні Қапшағайға таныстарымызбен шомылуға келдік, сол жерде бір әйелмен танысып, ол жұмыс ұсынды», — дейді көпбалалы ана.
Ал 12 және 13 жастағы қыздарын мектепке бермеу себебін қорқыныштан дейді.
«Не құжаттарымыз жоқ, онымен қоймай «үйсіз-күйсіз жүрсің, қыздарыңды детдомға алып кетеді» дегенді естіп, қыздарымды ешкімге көрсетпеуге тырыстым. Полиция келсе, үрейіміз ұшып бітеді, тығылып бағамыз», — дейді Ақерке.
Ол әкімдікке барып өтініш айтып көрмеген. Тек журналист Гүлмира Әбіқайға хат жолдаған.
«Содан кейін білім бөлімі, басқа да мамандар, полиция да келіп, көмектесіп жатыр. Қыздарым полициядан қорықпай еркін жүреді. Мектепке барып жүр, қосымша сабаққа да барады, киім-кешекпен де көмектесіп жатыр. Бәріне рахмет, бәрі көмектесіп жатыр», — дейді ол.
Қыздар қазір бірінші сыныпқа барып жүр.
«Мектепке барғанда қатты қуандым. Достарымыздың жартысы осында оқиды екен. Олар бізден неге сабаққа бармайсыңдар дегенде, біз басқа мектепте оқимыз деп айтатынбыз», — дейді Альбина мен Жансая Писеновалар.
Мұғалімдердің айтуынша, қыздар алғыр.
«Екеуінің мінездері өте ашық. Өздерін еркін сезінеді. Қазіргі күні олар 5 және 6 сыныпта оқу керек еді. Енді ол сыныпқа дейінгі бағдарламаны толың меңгеру үшін екі жылдай уақыт кетуі мүмкін», — дейді мұғалімдері Зубаура Тәңірберді.
Қонаев қаласында екі жасөсіпірім мектепке биыл барды
Альбинаның арманы — анасын Меккеге апару, ал Жансая оқуды озат бітірсем деп армандайды. Қалалық білім бөлімі бұл балалар туралы тек журналистерден білген, өйткені анасы бұл салаға да өтініш айтпаған.
«Бұл азаматша осыдан екі ай бұрын, яғни тамызда Қарасай ауданы, Көлді ауылынан көшіп келген. Қыздарының құжатын жасап беруге көмектесу туралы полиция мен білім бөліміне бұған дейін өтініш тастамаған. Қазіргі күні №2 мектепте оқып жатыр. Қонаев қаласының білімі бөлімі «Мектепке жол» акциясы аясында мектепке қажетті мектеп формасы, спорттық киім және құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен», — дейді қалалық білім бөлімі.
«Баспанадан бас тарттым»
Қазіргі күні Ақерке Баймаханбетова Қонаевтағы қарттар үйінде жұмыс істейді. 30 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады.
Білім бөлімі Қонаев маңындағы Ақөзек ауылынан үй мен мектептен жұмыс ұсынған. Бірақ Ақерке одан бас тартқан. Әйелдің айтуынша, ауылдың қашықтығы мен айлығы аз жұмысты қанағат тұтпапты.
Қазіргі күні қалалық білім бөлімі қыздардың құжаттарын рәсімдеу үшін е-өтініш арқылы ауруханаларға хат жолдаған.
«Ол жақтан қыздардың туғаны жөнінде анықтама алынған соң, анасы ХҚКО-ға барып, ары қарай құжаттарын рәсімдейді. Егер оқу үлгерімдері жақсы болған жағдайда олар жоғары сыныптарға көшіріледі», — дейді ведомстводағылар.
Қонаев қаласының көпсалалы ауруханасы қыздарды есепке алып, денсаулығын түгелдей тексерді. Полиция қызметкерлері қыздардың ары қарайғы өмірін бақылауға алды.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.