Арнайы лицензиясы жоқ мектеп, оқулығы былыққан пән, аттестациясы бизнес, сауатты мұғалімі жұмыссыз қаңғыған елміз

0
605

Еліміздегі білім саласындағы проблемалар туралы айтып та, жазып та тауысу мүмкін емес. «Енді ештеңеге таңғала қоймаспын» дерсіз. Алайда әр күн сайын таңғалудан, таңдайымыз түсіп қалатын дәрежеге жеттік. 

Жоғары оқу орнын, магистратураны үздік дипломмен оқып бітірген мұғалім жұмыс таппай, еден жуып жүр деп жаздық. Алайда бұл мақалаға қатысты Астанадан «сотқа берем» деп жөн-жосықсыз байбалам салып, қоңырау шалған кісілер мақаланы алдыртып тастады.

Мақалада атын атап, түсін түстеп ешкімді жазбадық. Бар мақсатымыз — білімді, сауатты мұғалім шәкірт тәрбиелеп, оқытса екен дедік. Болмады. Біреулерге ұнамады.

Тиісті мекеме басшылары «бұл қалай?» деп еден жуып жүрген «қызыл дипломды» мұғалімді іздестіріп, мәселеге назар да салмады. Әншейінде «мұғалімдер сауатсыз» деуден жалықпайтын  Оқу ағарту министрлігі тырп етпеді.

«Аттестациядан өту үшін мұғалімдерден ақша жнап жатыр» деп дабыл қағып, видео-дәлелімен мақала жарияладық. «Бұл мүмкін емес!? Қане, қайда?» деген бір тиісті мекеменің өкілі болмады. Мұғалімнен аттестация үшін ақша жинау — қалыпты құбылыс секілді қарады ма, белгісіз, Оқу ағарту министрлігі бұл жолы да тырп етпеді.

Ел бюджетінің миллиардтарын беріп жасатқан мектеп оқулықтарының былыққан қателіктері туралы қаншама мақала жазылды. 2 сыныптың 7-8 жасар баласына «сақтар мен ғұндар» туралы оқытып жатқан дүниетану пәні туралы, бастауыш сыныптардың бүкіл оқулығындағы бүкіл сөйлемнің бала үшін ауыр екені миллион рет жазылуда.

Сөйтсе, Оқу-ағарту министрлігіне қарасты білім мазмұнын сараптау орталығы Stan.kz. сайтына дәл оқулықтағыдай «ерекше сөйлем үлгісімен» жауап беріпті. Орталықтың әлгі жазбасын 2-3 рет оқып, әрең түсінесіз. Не бұл? Әдейі миды шіріту үшін осындай шұбалаңқы сөйлем қолдана ма бұлар? Әлде жоғарыда отырғандардың тілі «біздің тілімізден» ерекше ме?

Өзіне қатысты проблемаларға назар салып, сол проблемаларды реттеуді қазіргі Оқу ағарту министрлігі өз жауапкершілігі санамайтын сияқты. Не айтылып жатыр, не жазылып жатыр, Оқу ағарту министрлігіне бәрібір. Білім саласындағы мәселелерді реттемесе, онда бюджеттің триллиондары бөлініп жатқан бұл Оқу ағарту министрлігі не үшін керек?

Халықтың ақшасына халықтың қарапайым тілінде жауап бере алмайтын Оқу ағарту министрлігі мен оған қарасты бүкіл орталық, комитеттер мен түрлі құрылымдарды не үшін асырап отырмыз? Бізге сенбесеңіз, аталмыш мекеменің біріне бір ғана ресми сауал жолдап көріңізші. Көзіңіз жетеді. Әгәрәки жауап берсе, миыңызды аузыңызға ағызып түсіретін сөз, сөйлемдерді қолданып, жауап хат жолдайды. Болмаса, жауап та бермейді.

Жоғарыда айтылған дүниелерді «онда тұрған не бар» десе, бәлкім Оқу ағарту министрлігі Астананың қақ ортасында бір жылдан астам уақыттан бері арнайы ресми лицензиясыз «беймарал білім беріп» отырған мектепке қатысты үн қатар?

Иә, дәл солай! Шалғай бір аудан, ауылда емес, билігі шоғырланған Астанада бір жылдан астам уақыт бойы ресми лицензиясыз «бала оқытып» отырған мектеп бар екен.

Лицензия дегеніміз «мемлекеттік білім беру талаптарына сай» деп ашылған мектепке берілетін рұқсат қағаз. Дүкен ашсаңыз да, арнайы рұқсат қағазын алып, жұмыс істейсіз, дұрыс па?

Ал мынау білім беру ошағы өздеріне «мектеп-гимназия» атын алып, бір жылдан астам уақыт бойы арнайы лицензиясыз бюджеттен ақша алып, «бала оқытып» отырғанын қалай түсінбек керек?

Баламызды бір күн сабаққа себепсіз жібермесек, мектеп бізден  түсініктеме сұрайды. Ал министрлік мыңдаған баланың лицензиясы жоқ мектепте оқуына қалай жол беріп қойып, беймарал отыр? Мұның сыры мен мәні қандай? Әлде заң — биліктегілер пысқырмайтын, ал төмендегі қарапайым халықты жазалауға арналған құралға айналғаны ма?

Бұл мәселеге байланысты Оқу ағарту министрлігінің өкілі Ернұр Дәуеновке арнайы хабарластық. Өкінішке қарай, Ернұр Дәуенов ә дегеннен «ауырып қалдым, жұмыстан демалыс алғанмын» деп, не мәселемен хабарласқанымызды да сұрамай,  қысқа қайырды.

Проблеманы айтқан, жазған мұғалімдердің ізіне шам алып түсіп, қудалайды басшылар. Ақпарат құралы жазса, бірі «сотқа берем!» деп бажылдаса, енді бірі «ауырып қалады». Осыдан кейін бұл елдегі білім саласындағы проблема сорпадан ботқаға айналмағанда, қайтсін?

Кезінде Білім министрі Сағадиевтің қазақ тіліне шорқақтығын сынап, «қазақшылығы аз, түкке басын ауыртпайды» деген сыңайда жиі материал жарияланатын.

Оқу ағарту министрі болып таза қазақ, түрі де, тілі де қазақ Ғани Бейсембаев тағайындалып,білім саласының шеке майы шылқ етті ме? «Білім саласында мынадай пайдалы дүние жасады» деп ауыз толтырып айтарлық қандай шаруа атқарды Ғани Бейсембаев?

Журналист ретінде Ғани Бейсембаевтың тұсында «қудаланған мұғалімдер», «бизнеске айналған аттестация», «түкке алғысыз жобалар», «тест тапсырудан босамаған мұғалімдер» деген тіркесті қолданудан басқа есте қалатын дүние таппай отырмыз.

Бұл мақаламызға жаңартылмаған оқулық, білім бағдарламасы мен «Нысаналы мектеп» жобасы аясында болып жатқан былықтарды қоссақ, 2 сыныптың «Дүниетану» оқулығындағы «сақтар мен ғұндар» тақырыбындай шұбырып кетері сөзсіз.

Қазіргі білім саласы — бастауыштан бастап сіз бен біздің баламыздың басын қатырудан әріге аспай отыр. Бұл аз десеңіз, 11 жыл балаңыз ауыр сөмкесін арқалап барып жүрген мектептің бағдарламасы мен ҰБТ-ның тесті бірдей емесі тағы бар… Сонда кімді кім ақымақ етіп отыр?

Дайындаған — Меруерт ХУСАИНОВА.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін.