Әскерге бару міндетінің күші жойыла ма?

0
124

К.Аян есімді азамат балаларды әскерге міндеттеп әкетуге қарсы шығып, Қазақстанда міндетті әскери қызметтің күшін жою туралы петиция бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Петиция авторының айтуынша, әскерде көбейген жазатайым оқиғалар әлсіз жүйенің салдары. Өз петициясында автор әскерге міндеттеп әкетуді жоюға түрткі болатын аргументтерді жазған.

«Біріншіден. Әлімжеттік мен қарарға жатпайтын әрекеттер. Қазақстан әскеріндегі қайғылы оқиғалардың бірден бір себебі – қарарда жоқ әлімжеттік мәселесі. Тиісті психологиялық дайындықтан өтпеген жас сарбаздар үлкен әскерлердің қысымы мен зорлығына тап болады. Бұның салдарынан сарбаздың психологиясы бүлініп, тіпті, суицид жасауға бел буады», — деп жазған петиция авторы.

Екіншіден, петиция мәтінінде жазылғандай, сарбаздар әскерге тиісті дайындықсыз барады. Үшіншіден, әскердегі медициналық бақылау мен қауіпсіздік мәселесі де ақсап тұр дейді автор.

Қорыта айтқанда, петиция авторы міндетті әскерді алып тастап, кәсіби армия жасақтауға шақырған. Петиция 2024 жылдың 21 қыркүйегіне дейін талқыланады. Егер ол 50 мың қол жинаса, қорғаныс министрлігі өтінішті қарауға міндетті.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.